×

Ақмола облысында 190 млн теңге жымқырған шенеуніктер сотталды

Олар сотта өз кінәларын мойындамады

 Динара Амантай 31.10.2023 | 11:30
Фото: Halyq Uni

Ақмола облысында 190 млн теңге жымқырған шенеуніктер сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Облыстық соттың мәліметінше, Целиноград ауданы құрылыс бөлімінің басшысы, «Еңбек Аршалы» РМК филиалының басшысы және ЖШС директоры өзара сөз байласып, өздерінің қызметтік өкілеттіктерін пайдалана отырып, 190 миллион теңгеден аса бюджет қаражатын иемденіп алған.

Аталған адамдар Қосшы қаласында электрмен жабдықтау объектілерін салу жобасы бойынша жұмыстардың актілеріне қол қойып, нақты орындалмаған жұмыстар үшін бюджет қаражатын аудару жолымен аса ірі мөлшерде ақша жымқырған.

Сотта бөлім мен филиал басшылары кінәларын мойындамады, ал ЖШС директоры өз кінәсін ішінара мойындады. Дегенмен сотталушылардың кінәсі мемлекеттік сатып алу туралы шартымен, сараптама қорытындылары, жобалау-сметалық және бухгалтерлік құжаттармен расталды.

Сот үкімімен құрылыс бөлімінің бастығына 7 жылға, РМК басшысына 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қылмыстың ашылуына белсенді ықпал етіп, залалды ішінара өтегенін есепке ала отырып, ЖШС директорына шартты түрде 7 жылға бас бостандығынан айыру тағайындалды, – делінген сот хабарламасында.

Сотталғандардан келтірілген материалдық залал мемлекет кірісіне ортақ тәртіппен өндірілді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама