×

Қайрат Боранбаев әлі 54,85 млрд теңгенің мүлкін мемлекетке қайтарады

Кәсіпкер білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 млрд теңге аударды, мемлекетке 35,15 млрд теңгенің мүлкін қайтарды

 Айгерім Таубай 19.10.2023 | 12:40
Фото: Halyq Uni

Қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаев 2022 жылы наурызда қамауға алынған сәттен бастап мемлекетке миллиардтаған қаражат қайтарды. Сот үкімі шықпай тұрып ол «АзияГазЧунджа» ЖШС пен «QazaqGaz» ҰК» АҚ арасындағы келісімнен мемлекетке келген 14,5 млрд теңге шығынды өтеді.

Halyq Uni Қайрат Боранбаевтың 2023 жылдың қазанына дейін қанша қаражат қайтарғанына шолу жасады.

БОРАНБАЕВ НЕ ҮШІН ҚАМАЛДЫ?

Қайрат Боранбаев 2022 жылдың наурызында қамауға алынды. Сот сол жылдың желтоқсанында басталды.

Тергеу мәліметіне сәйкес, Қайрат Боранбаев өзінің сенімді адамы Роман Нахановпен, Ибулла Серді және Тайыр Жанұзақпен («QazaqGaz» ҰК» АҚ бас директорының экономика және қаржы бойынша орынбасары) бірге 2019 жылдың 1 шілдесінен 2022 жылдың 11 ақпанына дейін «АзияГазЧунджа» ЖШС мен «QazaqGaz» ҰК» АҚ арасында келісімге келген, компания 2 млн 26 мың 419 текше метр газды 141 681 676 272 теңгеге жеткізуге келіскен.

Келісімге сәйкес «QazaqGaz» ҰК» АҚ Боранбаев компаниясына көрсетілген соманы аударған. Сотта кәсіпкерлердің газды арзанға сатып алуға болатынына қарамастан, мемлекет қаражатын жұмсағанын анықтады.

Сот-экономикалық сараптаманың қорытындысына сәйкес, «АзияГазЧунджа» ЖШС-дан «QazaqGaz» ҰК» АҚ сатып алған газдың құны мен «Газпром экспорт» ЖШС-дан «АзияГазЧунджа» ЖШС сатып алған газдың құны арасындағы айырмашылық 14 565 318 010 теңгені құрады. Қылмыстық іс бойынша бұл сома толық көлемде өтелді.

ЖАЛПЫ СОМА – 120 МЛРД ТЕҢГЕ

Боранбаевқа алғашқы сот үкімі 2023 жылдың 31 наурызында шықты. Ол кезде кәсіпкер 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Алайда үш ай өткен соң бұл үкімнің күші жойылды. Сотталғандарға қатысты үкімнің күшін жоюға Ресей тарапынан «ҚазТрансГаз» АҚ-ға ұсынылған газ бағасы туралы бастапқы деректердің болмауы себеп болды

Сот басталған сәттен Боранбаев өзіне тағылған айыпты мойындамады. Алайда өзіне қатысты іс қайта қаралатын кезде кәсіпкер тергеумен процестік келісімге келді. Яғни, кінәсін мойындап, жазаны жеңілдетуге әрекет жасады.

Бұл өтінішхатынан кейін бірнеше апта өткен соң мемлекетке 90 млрд теңгенің мүлкін қайтаратыны айтылды. Оның ішінде мұнай кен орны, газ тарату компаниясы, сервис саласындағы кәсіпорын, қонақ үй және сауда-ойын-сауық кешендері, фитнес орталықтар желісі, кеңсе үй-жайлары және басқа да активтер бар. Сондай-ақ білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 млрд теңге аударатын болды.

Қаржы мониторингі агенттігі бұл қаражат мемлекеттік органдар мен компаниялардың балансына беріліп, ал ақшалай қаражат білім беру инфрақұрылымын дамыту үшін пайдаланылатынын хабарлады.

Осы ақпарат тарағаннан кейін бір күн өткенде (2023 жылдың 15 қыркүйегі) прокурор Боранбаевты 6 жылға соттауды сұрады. Айта кетейік, процестік келісімге дейін мемлекеттік айыптаушы кәсіпкерді 8 жылға соттауды сұраған.

Прокуратура оның себебін де түсіндірді. Процестік келісім бойынша прокуратура сотталушылар жасаған қылмыстарын мойындағанын ескерген.

Дәл сол күні Боранбаев 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын Ақмола облысындағы қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеп жатыр. 

Боранбаев сотталғаннан кейін Боранбаевтың компаниялары Мемлекеттік мүлік комитетіне жалпы құны 1,4 млрд теңгеден асатын «Comfort Hotel Astana» қонақ үй кешенін мемлекет меншігіне өз еркімен берді.

Аумағы 5 мың шаршы метрден асатын бұл қонақ үй кешенінің жылдық айналымы – 900 млн теңгеге жуық. Мемлекет бұл нысанды демалыс, сауықтыру және білім беру орталықтарын ұйымдастырумен әлеуметтік мақсатта пайдалану жоспарланып отыр.

Содан кейін Алматыдағы «Алмалы» сауда орталығының ғимараты, жалға беру және мүлікті басқарумен айналысатын «Unity Hall» ЖШС, «Fitnation» фитнес клубтар желісі мемлекет меншігіне өтті. Оның жалпы құны – 33,75 млрд теңге.

Halyq Uni Қаржы мониторингі агенттігінен Боранбаевтың процестік келісім аясында қанша қаражат қайтарғанын нақтылады. Ресми ақпарат бойынша, Қайрат Боранбаев жалпы алғанда 90 млрд теңгенің мүлкін қайтарып, білім беру инфрақұрылымына 30 млрд теңге бөледі. Қазірге дейін 30 млрд теңге мен 35,15 млрд теңгенің мүлкі мемлекетке өтті. Енді Қайрат Боранбаев өзіне тиесілі болған 54,85 млрд теңгенің мүлкін мемлекетке беруге тиіс.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама