×

Министр МӘМС жүйесіне тіркелмеген азаматтарды көлік жүргізу құқығынан айыруды ұсынды

Ажар Ғиният қордың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша бірнеше ұсыныс жасады

 Дәурен Ерболат 09.10.2023 | 12:31
көрнекі фото: Halyq Uni

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне жарна төлемей жүргендерді көлік жүргізу құқығынан айыруды ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бүгін Мәжілістегі үкімет сағатында МӘМС жүйесіндегі мәселелер талқыланып жатыр. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният қаржы мәселесіне байланысты Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өз міндеттемелерін болашақта толық орындай алмауы мүмкін екенін айтты.

Министрдің айтуынша, жүйенің ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін төмендегі шарттарды ескеру керек:

  • 2025 жылдан бастап әр азамат міндетті салық декларациясын тапсырады. Сол арқылы  сақтандырылмаған азаматтардың табысы белгілі болады және шамамен 700 мың адамды МӘМС жүйесіне енгізу көзделген;
  • Табысы төмен – ауылдарда тұратын шамамен 1,5 млн адам бюджет қаражаты есебінен сақтандырылады. 2026 жылға қарай халықтың кемінде 95%-ын қамту;
  • Мемлекет пен жұмыс берушілердің жарналарының мөлшерлемелерін кезең-кезеңімен арттыру;
  • Бүгінде 700 мың теңгеден жоғары жалақы алатын азаматтардың МӘМС жүйесіне аударымы шектелген. Сондықтан жұмыс берушілердің аударымын есептеу үшін жоғарғы шегін (10 ең төменгі жалақы) алып тастау ұсынылады;
  • Бұдан басқа жарна төлемейтін – МӘМС жүйесіне тіркелмеген адамдарға мемлекеттік қызметтер алу кезінде шектеулер енгізу ұсынылады. Мысалы, көлік жүргізу, қару-жарақ сақтау және тағы басқа.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният осы шараларды орындау арқылы қордың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге болатынын айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама