×

Ақтөбелік құрылысшылар 4 жылдан бері жалақыларын ала алмай келеді

Олардың әрқайсысына тиесілі берешек 5 млн теңгеге дейін жеткен

 Еркеғали Болатұлы 17.09.2023 | 16:51
фото: Halyq Uni

Ақтөбеде жұмысшылар 4 жылдан бері жалақыларын ала алмай жүр. Олар Қарғалы ауданында дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысын жүргізген.

Іргетасы 2018 жылы қалана бастаған кешен бүгінде сақалды құрылысқа айналған. Оның қазығын алғаш қаққандар әлі күнге дейін жалақысын күтіп жүр. Компанияның олардың әрқайсысына тиесілі берешегі миллион теңгеден асып кеткен.

ФОК-тың құрылысы басталып жатқан тұста жеке жүк көлігіммен кірдім жұмысқа. 2018-2019 жылдар болатын. Жұмысқа қабылдаған Әбілғазы Баянасовтың айлықты ертең берем, арғыгүні берем дегеніне сеніп, күтіп жүргенде жасым 70-ке келді. Жалақы да жоқ, Әбілғазы да жоқ, не істерімізді білмей жүрміз. Жалғыз мен емес, қаншама адам бар. Менің өзіме компания 1 млн 620 мың теңге қарыз, - дейді жұмысшы Асанбай Ахметов.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Қарғалы ауданына жұмыс сапары кезінде құрылысы тоқтап тұрған дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне барып, жұмысшылармен кездесті.

Облыс басшысымен кездесу барысында тұрғындар ұзақ жылдарға созылған нысанды тезірек аяқтауды сұраса, жұмысшылар өз мұң-мұқтажын айтты. Төрт жыл бойы жиналып қалған жалақы қарыздары 1 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін жеткендер бар екен. Жоба бойынша кешеннің ішінде бассейн де қарастырылған.

Кешеннің құрылысымен айналысқан «БИ-М-72» ЖШС-ін сотқа бердік. Сот арқылы келісімшартты бұзып, құрылысқа бөлінген 150 млн теңгеге қайта байқау жасап, мердігер анықтаймыз. Нысанның құрылысын міндетті түрде бітіреміз, - деді облыс әкімі Асхат Шахаров.

Ал Қарғалы ауданының әкімі Асқар Жүсібәлиевтің айтуынша, жұмысшылар жалақыға қатысты дауларын айтып, еңбек инспекциясына да, сотқа да жүгінген. Алайда ешқайсысы жұмыс берушімен еңбек келісімшартын жасаспаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама