×

Алматы білім басқармасы 4,4 млрд теңгенің сатып алуы неліктен тоқтатылғанын түсіндірді

Мамырда білім басқармасы мектептерде қауіпсіздік жүйесін орнатуға құны 4,4 млрд теңге болатын лот жариялаған

 Ая Өміртай 31.08.2023 | 12:49
Коллаж: Halyq Uni

Алматы қаласы Білім басқармасы мектептерде қауіпсіздік жүйесін орнатуға жоспарланған мемлекеттік сатып алудың не себепті тоқтатылғанын түсіндірді, деп хабарлайды Halyq Uni

Бұған дейін Halyq Uni Алматы қаласының білім басқармасы қаладағы мектептерге қауіпсіздік жүйесін орнатпақ екендігін жазған. Аталған сатып алудың құны – 4,4 млрд теңге. Білім саласындағы сарапшылар білім басқармасы қарастырып отырған қаржының өте қомақты әрі күмәнді екенін айтқан. Көп өтпей басқарма конкурсты уақытша тоқтатқан. 

Редакция аталған лот бойынша бюджет қаржысы қаншалықты тиімді жоспарланып жатқандығын және жемқорлық тәуекелі бар-жоғын сұрап, Ерболат Досаев басқаратын Алматы әкімдігіне сауал жолдады. 

Әлеуетті жеткізушілер конкурс нәтижелеріне шағымдануына байланысты, 2023 жылғы 11 тамызда Ішкі мемлекеттік аудит комиттетінің хабарламасы бойынша конкурс нәтижелері қайта қаралды. Конкурсқа қатысуға бір әлеуетті өнім беруші жіберіліп, конкурс өткізілмеді деп танылды, - делінген ресми жауапта. 

Атталған лот Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті нұсқауымен тоқтатылған. 

Ал білім басқармасы жоспарлаған қаржының қаншалықты оңтайлы деген сауалымызға президент Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатқан жұмыс деген жауап алдық.

2021 жылғы 16 қарашада өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз сөзінде мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету өзекті мәселе екенін атап өтті. Студенттер өмірі мен денсаулығына нақты және ықтимал қауіптерден толық қорғалуы керек. Ол үшін білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік жүйесіне бірыңғай талаптарды әзірлеу қажет. Осыған орай, интеграцияланған қауіпсіздік жүйесін (бейнебақылау жүйесі, өрт дабылы жүйесі, кіруді басқару жүйесі (турникеттер), дүрбелең түймесі) енгізу аясында Алматы қаласының әкімдігімен интеграцияланған қауіпсіздік жүйесін енгізу жобасын іске асыру бойынша жұмыс тобы құрылды. Бір қаржы жылынан астам әрекет ету мерзімімен (сомасы  3 жылға – 4,9 млрд. теңге, соның ішінде  2023 жылға – 1,6 млрд. теңге қарастырылған) Алматы қаласының мемлекеттік мектептеріндегі қауіпсіздіктің кешенді жүйесін қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерге жұмыс тобымен  техникалық сипаттамасы  әзірленді және бекітілді, - делінген ресми жауапта. 

Басқарманың хабарлауынша, екінші конкурс 2023 жылы тамызда жарияланды. Қазіргі уақытта әлеуетті жеткізушілердің өтінімдерін қарастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама