×

Ақтөбеде емге жиналған 11 млн теңге науқас баланың анасына табысталмаған

Ұйымды өзге де ақтөбеліктер бірнеше рет сотқа берген

 Еркеғали Болатұлы 20.08.2023 | 17:54
фото: Halyq Uni

Ақтөбе қаласының тұрғыны Назира Жауғаш науқас баласын емдетемін деп қайырымдылық қорына алданған. Айтуынша, «Морлайф» ұйымы 3 жасар ұлы Ілиястың еміне деп халықтан 11 миллион теңге жинаған, бірақ ақшаны бұл отбасына бермеген, деп хабарлады 31 арна.

Сонымен қайырымдылыққа ақша жинағандар онымен балаға күрделі ота жасатудың орнына, өздерінің жеке шаруаларын шешкен. Бір жылдан бері әділдік іздеп жүрмін деген келіншек не құзырлы органнан, не әкімдіктен қолдау таппадым деп отыр.

Бұл ретте Назира Жауғаштың ұлына былтыр бағаналы жасушаларды трансплантациялау отасы қажет болған. Алайда қымбат операцияны қалтасы көтермеген ол Ақтөбе қаласының қайырымдылық қорларының біріне жүгінуге мәжбүр болыпты. Сөйтіп, аз уақытта Ілиястың еміне 11 миллион теңге жинаған қор директоры баланы күрделі ота жасау үшін Ыстамбұлға әкеткен. Кейін хабарласып, баланың анасын «ешқандай ота қажет емес екеніне» сендірген.

«Ілияс келген кезде өте нашар жағдайда келді. Басын ұстай алған жоқ. Отыра алмады. Тек жатады. Аяқ-қолы өзімен өзі дірілдейді. Жүрген, өзі кружкамен шай ішіп жүрген бала овощь болып келді. Оның емін емес, өз шаруаларын шешкен ғой, - дейді шарасыз әйел.

Содан бері баласының ауруымен алысып жүрген Назира Жауғаш қайырымдылық қорының үстінен құзырлы органдарға арыз да жазған. Алайда іс сол күйі сотқа жетпеген көрінеді. Айтуынша, бұл «Морлайф» қорының алғашқы құйтырқы әрекеті емес. Ұйымды өзге де ақтөбеліктер бірнеше рет сотқа берген. Бірақ бәрі де медиациямен шешілген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама