Halyq Uni логотип
×

«Ел өзін кім тонап жатқанын білуі тиіс». Депутат Жамалов Ұлттық банкті тағы сынады

Банктер былтыр 500 млрд теңгеден астам пайда тапқан

 Ербол Тұрымбет 27.04.2022 | 12:30
«Ел өзін кім тонап жатқанын білуі тиіс». Депутат Жамалов Ұлттық банкті тағы сынады
коллаж: Halyq Uni

Депутат Аманжан Жамаловтың айтуынша, өткен аптада мәжілістің жалпы отырысында базалық мөлшерлеме мәселесі талқыланып, үкіметпен бірге оның мөлшері төмендетілуге тиіс деген қорытынды жасалған. Алайда 25-сәуірде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 13,5%-дан 14%-ға дейін көтерді. Онысын «инфляцияға қарсы шара, геосаяси тәуекелдерге төтеп беру, фискалдық импульсті күшейту» деп түсіндірді. Бірақ депутаттың сөзінше, жағдай кері кетіп барады, дейді Halyq Uni тілшісі.

Инфляцияны айтсақ, жылдық мөлшері 12%-ды құрайды. Бұл базалық мөлшерлемеден төмен. Көптеген дамыған ел баяғыдан шынайы мөлшерлемелерді төмендетуге көшкен. Мысалы, АҚШ-тағы инфляция – 8%, ал ФРЖ мөлшерлемесі – 0,5%. Ал бізде керісінше, базалық мөлшерлеме ресми инфляциядан бақандай 2%-ға жоғары. Яғни, Ұлттық банктің өзі инфляцияның одан әрі ұлғаюына итермелеп отыр. Өйткені инфляцияны тудыратын құрамдас бөліктерінің бірі – инфляцияны күту, – дейді депутат.

Оның сөзінше, геосаяси жағдайды сылтаурату да миға сыймайды. Мысалы, санкциялық қысымға ұшырап жатқан Ресей Орталық банкінің өзі негізгі мөлшерлемені 17%-дан 15%-ға дейін, ал алдағы уақытта мүлдем 10%-ға дейін төмендетуді жоспарлап отыр. Ал біздің экономикада несиелер тым қымбатқа түсетіндіктен, үкімет жеңілдікті кредит беру мен субсидиялауға 500 млрд. теңге бөлуге мәжбүр болып отыр.

«Сонда бұл кімге тиімді деген сұрақ туындайды. Ұлттық банк кімнің мүддесін басшылыққа алады? Сұрақ қандай болса, жауап та сондай – банктерге тиімді. Базалық мөлшерлеме Ұлттық банк ноталары мен қаржы министрлігі облигациялары бойынша банктердің кірістерін тікелей айқындайды. Қазір Ұлттық банк ноталарында 1,5 трлн теңге бар. Сондай-ақ 11 трлн теңгені қаржы министрлігі облигацияларына орналастырған. Осы облигациялар бойынша төлемдер де базалық мөлшерлемеге байланған», – дейді Жамалов.

Депутаттың айтуынша, былтыр ғана банктер Ұлттық банктегі салымдар мен бағалы қағаздар бойынша пайыздарда 500 млрд теңгеден астам пайда тапқан. Ол кезде базалық мөлшерлеме 9% еді. Енді оны азсынып отырған сияқты. Биыл демек, банктердің кірістері одан да көп болмақ. Сайып келгенде, мәжілісмен базалық мөлшерлемені көтеру қазақстандықтар үшін – инфляция, банктер үшін – қолайлы жағдай екенін айтады. 

Сондықтан азаматтар қандай банктердің жоғары мөлшерлемеде пайда табатынын білу үшін Ұлттық банк пен қаржы министрлігі ноталар мен мемлекеттік облигациялар ұстаушыларын және алынған сыйақы сомаларын үнемі жариялап отыруы керек. Себебі ел өзін кім тонап жатқанын білуі тиіс, – дейді ол.

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 10,25% деңгейіне көтерді. Ұлттық банк базалық ставканы 13,5% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Ұлттық банк базалық ставканы 13,5% деңгейінде қалдырды. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тағы көтерді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама