×

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 10,25% деңгейіне көтерді

Бұның алдындағы мөлшерлеме 9,75% болған

 Халық үні 24.01.2022 | 15:00
коллаж: Halyq Uni

Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені +/-1,00 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 10,25% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Тиісінше, өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 11,25%, ал өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме – 9,25% болады.

Шешім инфляциялық күтулерді төмендету және инфляцияның 2022 жылдың соңына қарай белгіленген 4-6% нысаналы дәлізге кіру қажеттілігі ескеріле отырып қабылданды. Әлем экономикаларының көпшілігінде, оның ішінде Қазақстанның негізгі сауда әріптес елдерінде инфляцияның жоғары деңгейде болуы жалғасуда. Соңғы айларда дезинфляциялық процестердің болуына қарамастан, ішкі конъюнктура сұраныс тарапынан, сол сияқты ұсыныс тарапынан да инфляцияға қарсы елеулі тәуекелдердің болуымен сипатталады.

Әлемдегі ең ірі экономикалардағы және негізгі сауда әріптес елдердегі инфляция әлі де жоғары деңгейде. АҚШ-та инфляция 1982 жылдан бастап алғаш рет 7,0%-ға дейін көтерілді. 2021 жылғы желтоқсанда ЕО-да тұтынушылық инфляция 5,3%-ға дейін, Германияда – 1992 жылдан бастап алғаш рет 5,7%-ға дейін өсті. Қытайда бағаның өсуі 2021 жылғы қарашада 15 айлық ең жоғарғы көрсеткішке жетті (2,3%), содан кейін 2021 жылғы желтоқсанда 1,5%-ға дейін төмендеді. Ресейде инфляция 2021 жылғы желтоқсанда бұрынғы жоғары – 8,4% деңгейінде қалды, – дейді Ұлттық банк.

Қазақстанда 2021 жылғы желтоқсанда жылдық инфляция 8,4%-ға дейін төмендеді. Инфляцияға қарсы ден қою шараларын іске асыру жағдайында бағаның айлық өсу қарқыны 2021 жылғы қараша-желтоқсанда орташа деңгейден төмен болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама