×

«Жемқорлық көрінісі болуы мүмкін»: Егіндікөлде жас мамандарға арналған пәтер құрылысы аяқталмаған

Бюджеттен 222 млн теңгеден астам қаржы алдын ала төленіп қойған

 Ая Өміртай 27.06.2023 | 10:40
Фото: Мейірұлан Құрбанбек

Ақмола облысы Егіндікөл ауылында жас мамандарға арналған көпқабатты үй құрылысына 2020 жылы 222 445 869 теңге жұмсалған. Құжат бойынша қолданысқа берілген пәтер іс жүзінде толық аяқталмай, қараусыз қалған құрылыс басы бүгінде күл-қоқысқа айналған, деп хабарлайды Halyq Uni

Мемлекеттік сатып алу сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, 2019 жылы «Егіндікөл ауданының сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі үш кәсіпорынмен шарт жасаған. Жоспардың орындалу мерзімі 2020-2021 жылдың күзі. 

Атап айтқанда, тұрғын-үй құрылысына 141 367 976 теңге, инженерлік желілерге 49 157 893 теңге, ауланы абаттандыру жұмыстарына 31 920 000 теңге жұмсалған. Алайда бұл жобалар күні бүгінге дейін аяқталмай келеді. Құрылыс басы қараусыз қалғандықтан күл-қоқыс басып кеткен. Ақшасы толық төленген жылыту желілерінің құбырлары да толық тартылмаған күйде бірден көзге түседі.

Ал қазылған кәріз жүйесі ашық жатыр.

Қауіпсіздіктің қарапайым ережелері сақталмаған аумақта ауыл балалары емін-еркін ойнап жүр. 

Аталған мәселенің жай-жапсарын білу үшін Halyq Uni тілшісі «Егіндікөл ауданының сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Марат Қарабұзауовпен жолықты. Маманның айтуынша, пандемия шектеулерінің кесірінен құрылыс жұмыстары тоқтап қалған. Ал қайта жалғастыруға қаржы жетпейді әрі құрылыс жабдықтары екі есеге қымбаттап кеткен. 

Үй құрылысы 2019 жылы басталды. 16 млн теңге облыстық бюджеттен қаржы бөліп, нөлдік деңгейде аяқтадық. Сол жылы әкімдіктен 14 млн теңге бөлініп, қар түспес үшін бетін жаптық. Одан кейін республика бюжетінен 111 млн теңге бөлініп, жұмыс басталды. Сол жылы пандемия басталып кетіп, бізде жұмыс істейтін өзбек, тәжік азаматтарын Қазақстанға жібермеген. Солайша жұмыс тоқтап қалды. Бюджет қаржысын игеру деген бәле бар жыл аяғында, сонымен қалған 17 млн теңге төледі. 2022 жылы шілдеге дейін бітіреміз деген жұмыс аяқталмай, сот арызымызды кері қайтарды. Соттың айтуынша, пандемия кезіндегі іс бойынша мердігерлер жауап бермейді екен. Материал бағасы да өсіп кетті. Сонымен осы үй қалып тұр, – деп түсіндірді бас маман.

Ал ашық-шашық жатқан құрылыс басы балалар үшін қауіпті болмай ма деген сауалымызға ол қарауыл қоюға қаржы қарастырылмағанын айтып жауап берді.

Кәріз ашық, біткен жоқ. Біз қарап жүреміз арасында. Күзетшіні қоюға қаржы қарастырылмаған. Құрылыс басқармасымен бірлесе отырып жұмысшы топ жол картасына қол қойып, 2023 жылы қыркүйекке дейін аяқтағалы отырмыз. Мердігер өз ақшасына істейді деген келісімге келдік, – деді жауапты бөлімнің бас маманы Марат Қарабұзауов.

Бұл орайда «Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұлов аталған мәселені жауапты мекемелердің назарына жеткізу бағытында бірқатар шаралар қолға алынғанын атады. Оның айтуынша, Егіндікөлдегі бюджет қаржысының оңтайлы игерілмеуі жемқорлықтың бір көрінісі болуы мүмкін.

Жоба бойынша дайын үй болуы керек. Яғни, жас мамандар осы үйге келіп тұрады деген мақсатпен салынған. Өкінішке қарай, біткен үй жоқ. Сонымен бірге жылу тарту жұмыстарына да 31 млн теңге төленіп, 90 пайызы төленіп қойған. Көріп тұрғанымыздай желілер үйге кірген жоқ. Үй ішінде де жоқ. Балалар алаңының да қараусыз жатуы қауіпті. Тиісті сараптама жүргізу үшін аталған мәселені үкіметтік емес ұйым атынан Ақмола облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне, Антикорға жолдаймыз. Бұл – жемқорлықтың бір көрінісі болуы мүмкін, – деп атады Дидар Смағұлов. 

Halyq Uni редакциясы бұған дейін Егіндікөл ауданына қарасты 12 ауыл жарты жылдан бері сусыз отырғаны туралы арнайы материал дайындаған болатын. Құжат бойынша су мұнарасы аумағы мен оператор бөлімі жөнделіп, ауылдағы мұнара аумағы аббаттандырылған. Алайда көзбен көргеніміздей, су резервуары жаңартылмаған әрі жабдықтары сынып тұр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама