×

Қазақстандағы еңбек өнімділігі Африка елдерімен бірдей: Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал

Депутаттар кешенді бағдарлама әзірлеуді сұрады

 Дәурен Ерболат 14.06.2023 | 15:07
Тамара Дүйсенова, фото: Halyq Uni

Мәжілістегі Respublica фракциясының депутаттары елімізде халықтың табысын арттыру үшін кешенді бағдарлама әзірлеуді ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутаттық сауал премьер-министрдің орынбасары – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға жолданды.

Депутат Олжас Құспековтың айтуынша, еліміздегі жалақы төмен әрі мемлекет «орта табыс қақпанынан» шыға алмай отыр.

«Бүгінде Қазақстан еңбек өнімділігі көрсеткіші ең төмен елдердің қатарында. Халықаралық еңбек ұйымының 2021 жылғы мәліметінше, еңбек өнімділігі 1 сағат үшін 29 доллар (13 мың теңге, 1 доллар – 448,95 теңге) болып есептелді. Мұнда көшбасында Люксембург тұр (1 сағат – 136,45 доллар немесе 61 259 теңге), ал ешқандай табиғи байлығы жоқ Сингапурдағы көрсеткіш 1 сағат – 74,15 доллар (33 290 теңге).

Алайда қазақстандық сарапшылар еліміздегі шынайы көрсеткіш әлдеқайда төмен деп дабыл қағып жатыр: шамамен 11 доллар (4938 теңге). Бұл Мавритания, Марокко, Судан және басқа да Африка елдеріндегі көрсеткішке ұқсас. Еліміздің ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімі көрсеткіші – сағатына 2,5 доллар (1122 теңге)», - деді ол.

Дүниежүзілік банктың есептеуінше, Қазақстан 2050 жылға қарай дамыған 30 елдің қатарына енгісі келсе, еңбек өнімділігін арттыруға қазірден бастап күш салуға тиіс.

Осыған байланысты экономикамызға жоғары білікті кадрларды дайындауға аса қатты көңіл бөлген жөн. Еліміздегі еңбек өнімділігін артыруда және «орташа табыс қақпанынан» шығуына білімді, білікті, еңбекқор жастар қажет. Қала жастарының 90%-ы жоғары оқу орындарын таңдаса, ауыл жастарының 90%-ы колледждерді таңдайды. Қазір Қазақстанда 770 колледжде 489 мың студент білім алып жатыр.

Сондықтан Оқу-ағарту және Еңбек министрліктері кәсіптік білімді жаңа деңгейге көтеру үшін қала және ауыл колледждерін дамытатын кешенді бағдарлама әзірлеуі қажет, - деді депутат.

Бағдарлама төмендегі бағыттарды қамтуға тиіс:

  • Колледждерде кәсіпкерлікті, қаржылық сауаттылықты, жұмсақ дағдыларды дамытатын оқу бағдарламаларын енгізу;
  • Әр колледжде студенттердің идеясының дамуына және оның іске асыруына қолғабыс беретін бизнес акселерациясын жасау;
  • Несиелеу, қаржылық көмек көрсететін мемлекеттік бағдарламалар арқылы жас кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсету;
  • Ауыл шаруашылық колледждерге фермерлерге тиесілі мемлекеттік қолдаудың барлық мүмкіндігін беру;
  • WorldSkills қозғалысына демеушілік шаралар қабылдау, қатысушыларды жарыстарға даярлауға толық жағдай жасау.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама