×

Жемқорлардан тәркіленген қаражат: мектеп құрылысына қаржы бөлу басталды

Жемқорлардан қайтарылған қаражатқа 62 мектеп салынады

 Дәурен Ерболат 07.06.2023 | 16:01
көрнекі фото: astana.gov.kz

Қазақстанда жемқорлардан тәркіленген қаражатқа 62 білім нысаны салынады. Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мектеп құрылысына қаражат бөліне бастағанын айтты.

«Республикалық бюджет комиссиясында 62 мектептің құрылысына 90 млрд теңгеге жуық қаражат белгіленді. Бұл былтырдан бері жиналған қаржы. Оқу-ағарту министрлігі ереже қабылдады. Сол ережеге сәйкес, біз қаражат бөлуді бастадық. Елімізде салынатын барлық мектептің саны – 62. Құрылыс қарқынына байланысты қалған қаражатты бөлуді жалғастырамыз», - деді вице-премьер.

Бұған дейін хабарланғандай, жемқорлардан тәркілеткен қаржыға Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облысында 62 мектеп салынады. Сондай-ақ тізімде Астана қаласы да бар.

Оның ішінде Алматы облысында – 10, Жамбыл облысында – 6, Түркістан облысында – 9, Астанада 10 мектеп салынады. Толық тізімді мына сілтемеден көруге болады.

Құрылысқа барлығы 96 млрд теңге бөлу жоспарланған. Оған жаңа мектептер, қолданыстағы мектептерге қосымша ғимараттар да салынады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама