×

БҚО-да мектеп құрылысы үш жылға созылған: жауаптылар айыппұл арқалады

Ал басқарма басшысының тәртібін әдеп кеңесі қарайды

 Ербол Тұрымбет 12.05.2023 | 10:07
Фото: Halyq Uni

БҚО Казталов ауылындағы 600 орындық мектеп құрылысының 3 жылға созылғаны қаңтарда көтерілген еді. Іс созбаққа салынып жүргенде құрылыс құны 2-ден 2,8 млрд теңгеге дейін өсіп кетіпті. Бұл келеңсіз жайттарды «Әділдік жолы» РҚБ БҚО филиалының өкілдері анықтаған, деп хабарлайды Halyq Uni.

Мектепті «Жиенбай» ЖШС салып берген. Қоғамдық ұйымның өтініші бойынша облыстық мемлекеттік ішкі аудит департаменті мен мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы осы құрылысты жіті тексерген. Нәтижесінде 60,9 млн теңгенің қаржылық заңбұзушылығын анықтап отыр. Оның үстіне, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу барысында «Сәулет, қала құрылысы және құрылысы қызметі туралы» заңның және мемлекеттік құрылыстық нормативтерінің талаптары сақталмаған болып шықты.

Осы жұмыстарды орындауға тиіс болған «Innovation Center Project» ЖШС авторлық қадағалау үшін бюджеттен 21,8 млн теңге, ал «Стройинтеграция» құрылушы мекемелер дирекциясы» ЖШС техникалық қадағалау үшін 53,8 млн теңге алған.

Тексеріс қорытындысы бойынша жауаптыларға тиісті шара қолданылған.

  • БҚО құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нұркен Молдашев 103 500 теңге айыппұл арқалаған;
  • «Innovation Center Project» ЖШС авторлық қадағалау сарапшысы Байкен Ишанбеков 434 700 теңге айыппұл төлеп, оның авторлық қадағалауды жүргізу құқығына сарапшы аттестаты 6 айға тоқтатылған;
  • «Стройинтеграция» құрылушы мекемелер дирекциясы» ЖШС-не 862 500 теңге айыппұл салынған.

Бәрін қоса есептегенде осы айтылғандар жалпы көлемі 1 400 700 теңге айыппұлын төлеген.

Бұлардан бөлек, қоғамдық ұйым өкілдерінің мәлімдеуінше, «Жиенбай» ЖШС-нің нақты орындалмаған жұмыстар үшін Құрылыс басқармасынан 60,9 млн теңгені негізсіз алғаны және бар. Бұл мәселе облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиевке қатысты болғандықтан ол дерек мемлекеттік қызметшілердің әдеп жөніндегі кеңесіне жолданыпты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама