×

Шымкент әкімдігі әлеуметтік саясат жұмыстарын насихаттауға 50 млн теңге жұмсамақ

Былтыр бұл бағыттағы жұмыстарға 100 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған

 Ая Өміртай 04.05.2023 | 14:17
Коллаж: Halyq Uni

Шымкент қаласының әкімдігі әлеуметтік саясат жұмыстарын 47 499 999 теңгеге насихаттамақ, деп хабарлайды Halyq Uni.

Мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпаратқа сүйенсек, Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы әлеуетті өнім жеткізуші ретінде «April» жарнамалық агенттігімен келісім-шарт жасасқан.

Шарттың жалпы сомасы шартқа қосымшада айқындалғандай 47 499 999.99 теңге. Шарттың техникалық түсіндірмесінде аталған сома Шымкент қаласының әлеуметтік саясатты көрнекі-насихат құралдары арқылы ақпараттық насихаттау қызметіне жұмсалатындығы көрсетілген. 

Шарт бойынша көрнекі-насихат құралдары Шымкент қаласындағы билбордтарға, ситибордтарға, лайтбокстерге, аялдама кешендеріндегі қалқандарға, қоршауларға, кермелерге, үйлердің жақтауларына орналастырылуы керек. Қаржы көзі – бюджет қаражаты есебінен. 

Әлеуетті жеткізуші «April» жарнамалық агенттігі Шымкент әкімдігіне қарасты басқармалардың тапсырысын жиі орындайды. Мәселен, агенттік 2023 жылы форум мен көрмені ұйымдастыруға және өткізуге Шымкент әкімдігіне қарасты басқармамен 60 млн теңгеге жуық қаржыға шарт жасасқан. Ал 2022 жылы Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты басқармалар мен аудан әкімдінінен 153 486 431 теңгеге тапсырыс орындаған. Қаржының басым бөлігі, яғни 100 076 000 теңгеге Шымкент қаласының әлеуметтік саясатын насихаттау бойынша қызмет көрсеткен.  

Агенттік директоры ретінде Қайрат Мамиров есімді азамат көрсетілген.

Сондықтан 50 млн теңгеге насихат жұмыстарының басы ғана, жыл аяқталғанға дейін жарнамалық агенттік Шымкент әкімдігімен тығыз жұмыс істеуі әбден мүмкін. Сіздің ойыңызша, мемлекеттік бюджет қаржысы қаншалықты тиімді жұмсалып жатыр?

Серіктес жаңалықтары

Сараптама