×

Жыл соңына дейін 6 мыңнан астам қазақстандыққа «банкрот» мәртебесі берілуі мүмкін

36 мың жеке тұлғаның арызы кері қайтарылған

 Халық үні 04.05.2023 | 12:19
коллаж: Halyq Uni

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов екі ай ішінде өзін «банкрот» деп жариялауға қанша адам өтініш бергенін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Қаржы министрлігіне бүгінде жеке тұлғалардан 49 мың арыз түскен. Солардың 6 мыңнан астамының шағымы қаралып, шешім қабылданған. Алты айдан кейін ол азаматтарға «банкрот» мәртебесі берілуі мүмкін.

Вице-министрдің айтуынша, нақты шешім қабылдау үшін заңнама аясында 6 ай өтуі керек. Бүгінде өтініш білдірген 36 мың жеке тұлғаның арызы кері қайтарылған. Себебі, олардың қарызының мөлшері 5,5 млн теңгеден асып кеткен.

Одан бөлек, арыз берген жеке тұлғалардың активінде мүлік немесе автокөліктің болуы сияқты мәселелер туындап жатыр екен. Алайда, арызы кері қайтарылған азаматтар заңнамаға сәйкес 3 ай ішінде қайта өтініш бере алады.

Еске салайық, биыл 3 наурыздан бастап Қазақстанда банкроттыққа өтініш қабылдау басталады. Қарызын (несиесін) төлей алмай жүрген қазақстандықтар 3 түрлі рәсім бойынша кредитінен құтыла алады:

  • Бірінші рәсім – соттан тыс банкроттық. Оны тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады.
  • Екінші рәсім – сот банкроттығы. Сот банкроттығының мақсаты – банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру.
  • Үшінші рәсім, бұл – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, онда сот арқылы борышты бөліп-бөліп төлеу (5 жылға дейін) мүмкіндігі.

Банкрот деп танылған адам 5 жыл несие ала алмайды. Сонымен бірге, 7 жылдың ішінде өзін қайтадан банкрот деп танылу мүмкіндігінен айырылады. Олардың қаржылық жағдайы банкроттықтан кейін үш жыл бойы тексеріледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама