×

Қазақстанда проблемалық кредиттерді сатуға тыйым салынуы мүмкін

Қазақстандықтардың қарызы 7,7 трлн теңгеден асқан

 Дәурен Ерболат 26.04.2023 | 11:12
Мәдина Әбілқасымова, фото: Halyq Uni

Қазақстандық коллекторларға проблемалық кредиттерді сатуға тыйым салынуы мүмкін. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша тұтынушылық кредит алған қазақстандықтардың саны 6 млн 900 мыңға жеткен. Олардың қарызы былтырмен салыстырғанда 25,3%-ға өсіп, 7 трлн 700 млрд теңге болған.

Беріліп жатқан қарыздың да мөлшері 56%-ға дейінгі жылдық мөлшерлемемен беріліп отыр. Агенттік болашақта тұтынушылық кредиттің көлемін азайтып, оны нақты экономикаға жіберу бойынша қандай шаралар қабылдайды?, - деп депутат Нұртай Сабильянов агенттік төрағасына сұрақ қойды.

Мәдина Әбілқасымова тұтынушылық кредиттердің өсуін шектеу үшін бірқатар шара қабылданғанын айттты.

«Біріншіден, банктер мен микроқаржылық ұйымдарға қойылатын талаптарды күшейту. Екіншіден, былтыр біз банктер мен микроқаржылық ұйымдардың капиталына талапты күшейттік. Банктер бойынша тәуекел саралау коэфиценттері 150%-дан 300%-ға дейін өсті, ал микроқаржылық ұйымдар бойынша капиталған қойылатын талаптар 5 есе ұлғайды.

Одан басқа, біз проблемалық кредиттерді өсуіне жол бермес үшін микроқаржы ұйымдарында проблемалық кредиттің үлесі 20%-дан аспауы керек. Одан асса, біз олардың лицензиясын қайтарып аламыз», - деді агенттік басшысы.

Агенттік басшысының айтуынша, халықтың берешегін азайту үшін былтыр банктер мен микроқаржылық ұйымдар арнайы жоспар әзірлеген.

Осы жоспарда борыш жүктемені азайту үшін әртүрлі шара көзделген. Мысалы, кредит проблемалы болса, сыйақы мөлшерлемесін азайту, кредиттің мерзімін ұзарту немесе толық кредитті есептен шығару.

Банктер жеке жоспарында 633 мың қарыз алушыға қайта құрылымдау жүргізуді жоспарлап отыр. Бүгінде 267 мың адамның кредиті жеңілдетілді. Микроқаржы ұйымдары бойынша 568 мың адамды қамту жоспарланып отыр. Бүгінде 388 мың адам микрокредиті реттелді, - деді Мәдина Әбілқасымова.

Сондай-ақ ведомство басшысы борыш жүктемесі бойынша заңға норматив енгізілгенін атап өтті. Енді қарыз алушы кредитінің борыш жүктемесі табысының 50%-нан аспауы керек.

Мәдина Әбілқасымова президенттің тапсырмасы бойынша қосымша шаралар қабылданатынын жеткізді.

«Бұл коллекторлық агенттіктерге қатысты. Енді олар қарызды банктер мен микроқаржылық ұйымдардан сатып алғанда олар реттеу, жеңілдету шараларын қабылдамайды. Оларда ондай міндет жоқ. Сондықтан біз заңды түрде коллекторлардың халықтың проблемалы кредиттерді реттеу шараларын қабылдау міндетін заңнамалық деңгейде енгіземіз.

Сондай-ақ коллекторларға проблемалық берешегі реттелмеген кредитті сатуға толық тыйым салынады. Ол үшін заңға өзгеріс енгіземіз...», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама