×

Талдықорғанда тағы бір есепші бюджеттің 109 млн теңгесін букмекерге салып жіберген

Прокурор оны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

 Еркеғали Болатұлы 20.04.2023 | 15:15
фото: Halyq Uni

Талдықорғанда бюджеттің 109 млн теңгесін букмекерге салып жіберген аурухана есепшісіне үкім шықты.

Жетісу облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, Талдықорғандағы облыстық балалар ауруханасының есепшісі 2021 жылдың 1 наурызында есепші болып жұмысқа орналасқан. Сол уақыттан бастап мемлекеттің бюджет қаражатын өзінің жеке шотына аударып отырған.

Келтірілген мүліктік залал көлемі 109 миллион теңгеден асады. Прокурор сотталушыны қаржы ұйымдарында басшылық қызметтерді атқару құқығынан өмір бойына шектеп, 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, шын көңілден өкініп, ұйымға келтірілген залалды өтеуге міндеттеніп, соттан қатаң жаза қолданбауын сұрады. Кінәсін мойындауын және жасаған ісіне өкінуін, сотталушыда кәмелетке толмаған баласының болуын, жастығын, сонымен қатар сотталушының келтірілген залалды ішінара өтегендігін, ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескере отырып, сот А.-ға мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында тиісті лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», – делінген сот хабарламасында.

Енді сотталушы жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейді.

Еске сала кетсек, бұған дейін осы Талдықорған қалалық білім бөлімі бас есепшісінің үйінен де 1 миллиард теңге, сондай-ақ қымбат мүліктің құжаттары табылғанын жазған болатынбыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама