×

Алматыда 9 мемлекеттік ұйымның басшысына айыппұл салынды

Прокуратураның араласуымен 17 млрд теңгеден аса мемлекеттік сатып алу тоқтатылды

 Динара Амантай 05.04.2023 | 10:00
Фото: dknews.kz

Алматыда бірқатар мемлекеттік ұйымдардың мемлекеттік сатып алуды өткізу бойынша жұмыстарына тексеру жүргізілді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қалалық прокуратураның мәліметінше, жыл басынан бері прокурорлардың актілері бойынша 17 млрд теңгеден аса сомаға 46 конкурс жойылып, 10 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ 9 мемлекеттік ұйымның басшысына 5 млн теңге айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Тапсырыс берушілер әлеуетті өнім берушілерге жоғары біліктілік талаптарын қойған, конкурстық құжаттаманы толық ұсынуды қамтамасыз етпеген, сатып алу тәсілін дұрыс таңдамаған.

Осы жылдан бастап мемлекеттік сатып алуды өткізудің ашықтығы, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында сатып алу тәсілдерінің бірі – рейтингтік-балдық жүйе (РБЖ) қолданылады. Ол конкурсқа әсер ететін ұсыныстарды, критерийлерді автоматты түрде салыстырады және жеңімпазды комиссияның қатысуынсыз анықтайды, яғни адами факторсыз, өтінімдерді ұсыну мерзімі аяқталғаннан кейін мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттама қалыптастырады.

Сонымен қатар, Алматы қаласының прокуратурасы мониторинг арқылы тапсырыс берушілердің бірінің автожолдар салу кезінде электрмен жабдықтау желілері саласында лицензияланатын қызметтің бір түрінің міндетті түрде болуы туралы кәсіпкерлерге негізсіз талаптар қойғанын анықтады. Бұл конкурс қорытындыларына әсер ету ретінде қарастырылады.

Прокуратураның қадағалау актісі бойынша конкурс тоқтатылып, мемлекеттік сатып алуға қатысуға әлеуетті өнім берушілердің тең шарттарын сақтай отырып, қайтадан өткізілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама