×

Төтенше жағдайлар министрлігінің тікұшағы Көкжайлауға турист тасып жүр

Жолаушыларды түсіру кезінде қауіпсіздік ережелері сақталмаған

 Айнұр Шошаева 13.03.2023 | 13:03
Фото: Серік Мұхтыбаевтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Әлеуметтік желіде Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің тікұшағы Көкжайлауға туристерді түсіріп жатқан видеосы тарады. Авиация сарапшысы Серік Мұхтыбаевтың пікірінше, жолаушыларды түсіру кезінде қауіпсіздік ережелері сақталмаған, деп хабарлайды Halyq Uni

Оның айтуынша, 10 наурыз күні ТЖМ «Қазавиақұтқару» компаниясының тікұшағы Атырау облысында адасқан ауыл тұрғындарын іздеуге жіберілген. Бұл туралы министрліктің телеграм арнасында ақпарат жарияланды. 

«10 наурызда сағат 13.25-тен бастап Атырау облысы ТЖД қызметкерлері Атырау қаласының Алғабас ауылынан 50 шақырым жерде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізді. Жоғалған адамдар табылды. Іздеу-құтқару жұмыстары үшін қосымша «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы тартылды», – делінген ақпаратта. 

Сондай-ақ компанияның тікұшағы Көкжайлауға туристерді де тасымалдағаны белгілі болған. 

2023 жылдың 11 наурызында ТЖМ-ның борттық нөмірі UP-MI814 тікұшағы Көкжайлауға «Үш ағайынды» шыңынан сырғанағысы келеін жолаушыларды әкелу үшін қонды. Өте қымбат демалыс, шамасы, әуе компаниясы басшылығының ақша тапқысы келгені сонша, бұл ұсыныстан бас тарта алмаған. Коммерциялық рейстерді орындаудан заңды түрде ақша табуға болатын шығар, бірақ «Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында ұшуларды жүргізу ережелері» бар. Онда таулы жерлерде ұшу шарттары мен рәсімдері нақты жазылады, – деді сарапшы. 

Аталған ережеде әуе кемесін басқару басқа адамдардың өміріне немесе олардың мүлкіне қауіп төндіретін немқұрайлылықсыз жүзеге асырылуға тиіс екені жазылған. Сондай-ақ коммерциялық әуе тасымалын жүзеге асыру кезінде жолаушыларды түсірудің тәртібі бар. Қонатын алаңды ауада жүріп таңдауға жол берілмейтінін атап өтті. 

«Көкжайлауға апаратын туристік соқпаққа қону кезінде экипаж мүшелері нені басшылыққа алды? Содан кейін әлгі жолаушыларды таудың басына жеткізу үшін бірнеше рет ұшып, қайтадан соқпаққа қонды. Бәлкім ТЖМ өзінің «шаңғышыларын» жаттықтырған шығар? Ұшудың мақсаты мен маршруты қалай жарияланды? Қону алаңын уақытша қоршау және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ететін персонал болған жоқ. Туристер жұмыс істеп тұрған бұрандалардың астынан өтуге мәжбүр болды. Шұғыл қону қажеттілігі негізделген кезде бұл құтқару операциясы емес қой. Сондықтан авиацияға жауапты шенеуніктерге жауап берулерін сұрайын. 23 ақпанда Батыс Қазақстан облысында болған ТЖМ тікұшағымен болған авиациялық оқиғаны тергеу жүріп жатқанда осындай ұшулар орындалып жатыр», – деп толықтырды Серік Мұхтыбаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама