×

Ауқатты отбасындағы қыз бала күтушісінің атынан несие рәсімдеп алған

Ол заңсыз әрекетке қарыздарынан құтылу үшін барған

 Еркеғали Болатұлы 18.01.2023 | 16:09
фото: ашық дереккөз

Абай ауданының полиция басқармасына Түркістан облысының 57 жастағы тұрғыны арызданған. Ол арызында 2022 жылдың шілде айында Шымкент қаласы аумағындағы ауқатты отбасылардың бірінде өзінің бала күтушісі болып жұмыс істегенін, сол кезде аталған отбасының мүшесі жасырын түрде ұялы телефонын алып, ондағы банк қосымшасы арқылы 1 млн теңге заңсыз несие рәсімдегенін жазып көрсеткен.

Otyrar.kz-тің хабарлауынша, арызданушы телефонына банк атынан берешегін сұрап хабарлама келгенде ғана өз атынан өзге біреудің несие алғанын біліп, жедел түрде полицияға жүгінген.

Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабымен («Алаяқтық») тіркеп, жедел-іздестіру шараларына кірісті.

Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру жұмыстары нәтижесінде, күдікті бір тәулік ішінде қала аумағынан қолға түсті. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Жасы – 26-да, жоғары білімді. Уақытша жұмыссыз.

Тергеу барысында белгілі болғанындай, ұсталған қыз айласын өз үйінде асырған. Бала күтушісінің аңғалдығын пайдаланғанын мойындап, заңсыз әрекетке қарыздарынан құтылу үшін барғанын және бұл үшін өкінетінін жеткізді.

Қазір сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама