Halyq Uni логотип
×

Бала күтімі мен жұмыссыз қалу: 2023 жылдан бастап әлеуметтік төлем қалай беріледі

Шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий 2023 жылдың соңына дейін ұзартылды

 Айгерім Таубай 05.12.2022 | 15:04
Бала күтімі мен жұмыссыз қалу: 2023 жылдан бастап әлеуметтік төлем қалай беріледі
Коллаж Halyq Uni

2023 жылдан бастап бала күтіміне байланысты төлем бір жыл емес, бір жарым жыл бойы беріледі. Сондай-ақ жаңа жылдан бастап айлық есептік көрсеткіш 3 450 теңгеге тең болады.

Қазір мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемнің бес түрі беріледі. Жаңа жылдан бастап соның ішінде екі төлемнің мөлшері артады.

2023 жылдан бастап енгізілетін өзгерістер туралы Halyq Uni материалынан оқыңыз.

1 АЕК = 3 450 ТЕҢГЕ

2022 жылдың бірінші желтоқсанында президент Қасым-Жомарт Тоқаев «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға қол қойды. Соған сәйкес еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңге болып бекітілді.

Ең төменгі жалақы мөлшері өскен соң әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорындардың барлық саласында жұмыс істейтін 1,8 миллионға жуық жалдамалы жұмысшының табысы артады.

Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 24 341 теңге болды. Елдегі зейнеткерлер үшін жаңалық – ең төменгі зейнетақы мөлшері 53 076 теңге болып бекітілді.

Жыл сайын айлық есептік көрсеткіш артатыны белгілі. 2023 жылдың бірінші қаңтарынан бастап 1АЕК 3 450 теңгеге тең.

Айта кетейік, 2022 жылы АЕК екі рет өзгерді. Бастапқыда бірінші қаңтарда АЕК 3 063 теңгеге тең болды, араға үш ай салып, 2022 жылдың сәуірінде 3 180 теңгеге өсті.

ЕҢ ТӨМЕНГІ КҮНКӨРІС ДЕҢГЕЙІ – 40 МЫҢ ТЕҢГЕ

2023 жылдың бірінші қаңтарынан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі – 40 567 теңге. Бұл базалық әлеуметтік төлемдердің өлшемін есептеу үшін бекітілген.

Күнкөріс деңгейі – ең төменгі тұтыну себетiнiң құнына тең, бiр адамға бір айға қажеттi ең аз ақшалай кiрiс. Бұл ақша адамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп, өмірлік қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажет.

Ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасын мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның ең қажетті азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге жұмсалатын шығыстардың тіркелген үлесіне көбейтілген азық-түлік себетінің құнына қарай есептейді.

Азық-түлік себеті – ғылыми негізделген тұтыну нормалары бойынша адамның физиологиялық қажеттіліктерін қанағаттандыруға қажетті тамақ өнімдерінің ең төмен жиынтығы. Азық-түлік себетінің 55 пайызы азық-түліктен, қалған 45 пайызы азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтерге деп есептелген.

Ең төменгі күнкөріс деңгейі 2021 жылы – 34 302 теңге, 2022 жылы 36 018 теңге болды.

ЕКІ ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМНІҢ МӨЛШЕРІ АРТАДЫ

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері артады.

Қазір мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемнің бес түрі беріледі. Олар:

  • асыраушысынан айырылу;
  • жүктілік пен босану;
  • жұмыссыз қалу;
  • бала күтімі;
  • еңбекке қабілеттіліктен айырылу.

Соның ішінде екі төлемнің мөлшері артады.

2023 жылдың бірінші қаңтарына дейін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбек ету қабілетінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайларына тағайындалған әлеуметтік төлемдердің мөлшері 2023 жылдың бірінші қаңтарынан бастап 8,5 пайызға артады.

Қазір жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем мөлшері орташа айлықтың 40 пайызын құрайды. 2023 жылдан бастап бұл төлемнің көлемі 45 пайызға дейін көтеріледі.

Төлемді тағайындау барысында азаматтың не себепті жұмыстан шыққаны ескерілмейді. Ең бастысы азамат жұмыспен қамту орталығында немесе электронды еңбек биржасы арқылы жұмыссыз ретінде тіркелуі қажет. Сол күннен бастап жұмыс өтіліне қарай бір айдан алты айға дейін төлем алуға болады. Ал 2023 жылдан бастап төлем артуы үшін қосымша құжат тапсырудың қажеті жоқ.

БАЛА КҮТІМІНЕ БІР ЖАРЫМ ЖЫЛ ТӨЛЕМ ЖАСАЛАДЫ

Президент жолдауында бала күтімі бойынша берілетін төлем мерзімін бір жарым жылға дейін ұзартуға тапсырма берілді. Мұндай төлем бюджеттен ғана емес, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан да төленеді. Оны алу үшін жалақыдан тұрақты түрде жарна аударылуы керек. Сонда кейінгі екі жылдағы орташа жалақының 40 пайызын бала күтімінде отырғанда алуға болады.

2023 жылдың басынан бастап осы төлем бір жарым жылға ұзартылады. 2022 жылы туған бала үшін төлем автоматты түрде жарты жылға созылады. Ал 1 қаңтардан кейін туған балаға бірден бір жарым жылға тағайындалады.

Сондай-ақ төлем алушы жұмысқа бір жарым жылдан ерте шыққан жағдайда әлеуметтік төлемнің мөлшері мемлекеттік жәрдемақы деңгейінде сақталады.

Бала туғанға дейінгі кейінгі екі жылда әлеуметтік сақтандыру жүйесіне 6 айдан аз уақыт қатысқан ата-ана жұмыс істемейтін адамдармен қатар республикалық бюджеттен төленетін бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы алады.

Декретке дейін жұмыс істеген әйелдердің бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы әлеуметтік төлемі бөлек болады. Кейінгі 2 жыл ішіндегі жалпы табысты 24 айға бөліп, мемлекет бекіткен 0,4 коэффициентке көбейтіп, одан шыққан сомадан 10% зейнетақы жарнасын алып тастау керек.

Мысалы, әйел кейінгі екі жылда 5 100 000 теңге табыс тапты. Бұл соманы 24 айға бөлу керек: 5 100 000/24= 212 500 теңге.

212 500 теңге – әйелдің ай сайынғы орташа кірісі.

Енді осы көрсеткішті 0,4 коэффициентке көбейтеміз: 212 500*0,4 = 85 000 теңге.

Одан 10% зейнетақы жарнасын шегереміз, бұл 8 500 теңге, сонда айына 76 500 теңге қалады.

Яғни, бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы жәрдемақы – 76 500 теңге.

БИЗНЕСКЕ ЖАРИЯЛАНҒАН МОРАТОРИЙ ЖАЛҒАСАДЫ

Шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий 2023 жылдың соңына дейін ұзартылады.

Елімізде Қазақстанда шағын кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий 2020 жылдың қаңтарынан бастап 2023 жылдың қаңтарына дейін жарияланған. Алайда мараторий 2023 жылдың соңына дейін ұзартылды.

Ұлттық экономика министрлігі мораторийді пайдаланып, заңбұзушылыққа бармауы керек екенін еске салды. Сондай-ақ шағын және орта бизнес субъектісінің қызметі халықтың өмірі мен денсаулығына әсер етсе, мемлекет кез келген уақытта тексеріс жасауға құқылы.

ТАКСИ ЖҮРГІЗУШІЛЕРІ МЕН КУРЬЕРЛЕР ЖАҢА САЛЫҚ САЛЫНАДЫ

2023 жылдан бастап шағын бизнестің жалдамалы қызметкерлері үшін бірыңғай міндетті төлем қолданылады. Норма онлайн платформалар арқылы қызмет көрсететін такси жүргізушілері мен курьерлерге әсер етеді.

2023 жылы олар үшін салық жүктемесін 33-тен 20%-ға дейін төмендету көзделген.

Еңбек қызметін «Яндекс Такси», Glovo және басқа да онлайн платформа арқылы жүзеге асыратын тұлғалар үшін арнайы салық режимі енгізіледі. Бұл ретте салық агенттері жұмыспен қамтылған азаматтардың атынан тиісті төлемдер жүргізетін онлайн платформа операторларын анықтауды ұсынып отыр.

Сондай-ақ қызметкерлерді жазатайым оқиғадан сақтандыруды жүзеге асыратын жұмыс берушілер үшін сақтандыру тарифтерін төмендету көзделген. Оның мөлшері өндірістегі жазатайым оқиға, жарақат және кәсіпке байланысты науқастардың болу деңгейіне байланысты болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама