×

Такси жүргізушілері мен курьерлер жұмыспен қамтылғандардың санатына енеді

Олар үшін салықты жұмыс беруші төлейді

 Дәурен Ерболат 05.12.2022 | 12:42
фото © Нұрдәулет Әбікеев

Қазақстанда такси жүргізушілері мен курьерлер ресми түрде жұмыспен қамтылғандар қатарына жатқызылады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Еңбек нарығы либеризацияланады. Бұл икемді жұмыспен қамтылудың барлық түрін, оның ішінде платформалық жұмысты да тану дегенді білдіреді. Осы мақсатта тәуелсіз жұмыскер, яғни табыс әкелетін, еңбекпен айналысатын, бірақ тиісті уәкілетті органдарда «ресми мемлекеттік тіркеуі жоқ тұлға» ұғымы енгізілген. Егер тәуелсіз жұмыскерлер қызметін онлайн платформаларға қосылу немесе жария шарт жасасу арқылы атқаратын болса, онда бұл жұмыскерлер ресми жұмыспен қамтылды деп танылады», – деді министр.

Еңбек министрінің айтуынша, «Яндекс такси» платформасына қосылған такси жүргізушілері, «Яндекс GO» және «Glovo» онлайн платформасына қосылған курьерлер осы санаттағы жұмыскерлердің қатарына кіргізіледі.

«Бұл жұмыскерлер үшін онлайн платформа операторлары салық агенттері болып, арнаулы салық режимдеріне сәйкес жұмыскердің пайдасына салық төлемдері мен әлеуметтік жарналарды аударып отырады. Бұл жағдайда тәуелсіз жұмыскерлер жалдамалы жұмыскерлер сияқты республикалық бюджеттен, мемлекеттік әлеуметтік қорлардан және сақтандыру компанияларынан әлеуметтік төлемдер алуға құқылы. Тиісті аударымдар болмаған жағдайда оларда заңдарда белгіленген ең төменгі мемлекеттік кепілдіктер ғана беріледі», – деді Тамара Дүйсенова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама