×

«ҚазМұнайГаз» АҚ-ға қатысты шағым: Агенттік Самұрықты тексере алмайды

Бәсекелестікті қорғау агенттігіне түскен шағымды «Самұрық-Қазына» қарайтын болды

 Ербол Тұрымбет 30.11.2022 | 16:32
Сурет: «Самұрық-Қазына» АҚ ресми сайтынан

Өткен аптада «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының үстінен президенттің атына, одан соң Бас прокуратура мен Бәсекелестікті қорғау агенттігіне шағым түскенін жазған едік. Онда ҚМГ-дың адам өмірін сақтандыру нарығында 5 жыл бойы тек «Халық Life» пен «Nomad Life» компанияларының қызметін тұтынатыны айтылған. Бұл нағыз бәсекелестікке жол бермеу деп шешкен Фархад Жетес есімді белсенді азамат аталған бақылаушы органдарға шағым түсірген. 

Ал Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ол шағымды қарастырмайтынын жеткізіп отыр. Ресми сауалымызға берген ұзын-сонар жауабын ықшамдағанда былай шықты. 

«Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерін сатып алу туралы заң бойынша квазимемлекеттік сектор субъектісінің директорлар кеңесі сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметтің құрамын, өкілеттік мерзімін, жұмыс тәртібін айқындап, оның басшысын тағайындау, өкілеттігін тоқтату, сондай-ақ қызметкерлердің еңбегіне ақы мөлшері мен өзге де шарттарын айқындайды. Қордың және оның ұйымдарының сатып алуын бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет тікелей Қор басқармасына бағынады».

Сайып келгенде, қордың сатып алу саласындағы заңнаманы бұзу белгілерінің болуы туралы мәселелерді шешу Агенттіктің құзырына кірмейтінін мәлімдеді. Ал ҚМГ-дың үстінен түскен шағым «Самұрық-Қазына» АҚ-на бағытталған. Демек, өздерінің үстінен түскен шағымды өздері қарауы тиіс. 

Ал компанияның өзі нарықтағы барлық сақтандырушыны теңдей қарастырғанын айтып отыр. Жауабына қарағанда, байқауға нарықтағы барлық 8 сақтандыру компаниясы шақырылғанымен, бесеуі ғана қатысқан. Оларда «өмірді сақтандыру» саласында лицензиясының және аннуитеттік сақтандыру бойынша жұмыс тәжірибесінің болуына баса мән берілген. Сонымен қатар, қаржылық тұрақтылық рейтингі, одан бөлек сақтандыру резервтері мен активтерінің сомасы сынды бірнеше талапқа назар аударған.

Осындай талдау қорытындысы бойынша қаржылық жағдайы тұрақты және сақтандыру резервтері мен активтерінің сомасы жеткілікті деп екі-ақ сақтандыру компаниясы: «Қазақстан Халық Банкінің өмірді сақтандыру жөніндегі «Халық-Life» еншілес компаниясы» АҚ мен «NOMAD Life» Өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ анықталғанын жеткізді.

Компания мәліметінше, жалпы заң бойынша тапсырыс беруші қызметкерлерін жазатайым оқиғалардан сақтандыруға міндетті. Сондықтан «ҚазМұнайГаздың» еншілес ұйымдарының сатып алу жоспарларында 2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша бұл қызмет түріне 2,3 млрд теңге қарастырылып, оның 2,1 млрд теңгесіне шарт жасалған. Компания дерегінше, бұрын сақтандыру компаниялары түзету коэффициентін қолданбаған. Биыл мұндай жеңілдік есебінен ҚМГ компаниялар тобы 200 млн теңгеден астам қаржы үнемдеп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама