Трактор мен комбайн бағасының қымбаттауына утилалымның қатысы жоқ – Қарабаев
Қазақстанда утилизация алымы 50 пайызға төмендейді
Елімізде ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған кәсіпкерлердің 11 пайызы ғана утилизация алымын төледі. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Ауыл шаруашылығы өндірісінде жүрген тұлғалар «утилизация алымы негізінде ауыл шаруашылығы техникасы қымбаттап бара жатыр» деп бірнеше рет мәселе көтерді. Бұл шындыққа жатпайтын ақпарат. Былтыр Қазақстанда қанша трактор, комбайн сатылса, соның 89 пайызы отандық өндіріске тиесілі. Яғни, ауыл шаруашылығына қажетті трактор мен комбайн сатып алған кәсіпкерлердің 89 пайызы кәдеге жарату алымын төлемеді. Бұл ресми дерек, ресми статистика, - деді вице-министр.
Оның айтуынша, утилизация алымы саланған соң оны төлемеудің жолдары бар. Егер импорттық көлікті шығаратын шетелдік компанияның өндіріс ошағы елімізде орналасса, онда құрастырылған техникалардан утилалым алынбайды.
«Ауыл шаруашылығында сұраныс өте жоғары техника - Беларусьтің МТЗ тракторы. МТЗ бізге келіп зауытын ашты. Тіпті әрі қарай локализацияға барып, кабинасын өзімізде толығымен шығарып, Беларуське экспортқа жібереміз. Беларусьте кабина шығарылмайды. Сонымен қатар Ловол, Киревец, YTO тракторларына сұраныс бар. Яғни, халық сұранысына ие ауыл шаруашылығы техникасының баршасы өзімізде өндіріледі. Осы техникаларды сатып алу барысында ешқандай утилалым төленбейді», - деді Қарабаев.
Бұнымен қоса ол ескі техникасын тапсырғандарға берілетін ваучер туралы айтып өтті.
«Қайталап айтамын, ауыл шаруашылығы техникасын алған кәсіпкерлердің 89 пайызы утилалым төлемеді. Қалған 11 пайыз утилизация алымын төледі. Одан түскен қаражатқа келсек, ертең Қазақстандағы ауыл шаруашылығымен айналысып жүрген кәсіпкерлер ескі техикасын әкеліп тапсырғанда ваучер ретінде 2 млн теңгеге дейін беріліп отырады. 2 млн теңгеге дейін алған ваучерге келсек, ертең отандық техниканы сатып алуға барғанда сол сомаға сәл жеңілдік алады. Мысалы, техника шамамен 7 млн тұрса, сіз 5 млн ғана төлейсіз. Қалған сомаға ваучер көрсетесіз. Яғни импорттан түскен қаражатқа ваучер беріліп отыр», – деп түйіндеді маман.
Бұған дейін елімізде утилизация алымы 50 пайызға төмендейтіні белгілі болды. Жеңіл әрі жүк көлігі, автобус, трактор, комбайндарға қатысты мөлшер қалай өзгеретіні де хабарланды.