×

Елімізде интернет-алаяқтықтың жаңа тәсілі пайда болды

Аферистер адамдардың сеніміне кіру үшін жаңа айла-амалдар ойлап табуда

 Халық үні 21.02.2022 | 14:15
фото: ашық дереккөзден

Алаяқ Петропавл тұрғынына WhatsApp арқылы банкпен жасалған шартқа ұқсас құжат суретін жіберіп, қулығын іске асырған.

Аферист 10 ақпанда әйелге қоңырау шалып, өзін Халық банкіненмін деп таныстырған. Ол біреу сіздің атыңызға сомасы 4 миллион теңгеге несие ресімдемекші болып жатыр. Операцияны құптамаңыз деген. Кейін әйел сақшыларға қауіп туралы білгенін, алайда алаяқтың WhatsApp мессенджері арқылы несиенің күшін жою туралы «шарт» жолдағаннан кейін қылмыскерге сеніп қалғанын айтқан. Жолданған PDF-сурет нағыз құжат сияқты көрінген, банк логотипі де болған. Қылмыскерге сенген әйел өзінің есеп шотына жасалған қолсұғушылықты тоқтату үшін 4 миллион теңгеге несие ресімдеп берген. Қаражатты «сақтандыру шотына» аударған. Ал түскен ақшаны аферист өз керегіне жаратқан. Жәбірленуші «шартта» өзінің аты-жөні көрсетілмегенін кейін ғана байқаған. Алаяқтың құрбанына айналғанын түсінген ол, полицияға жүгінген.

Тәртіп сақшылары жүргізіп жатқан интернет-алаяқтық профилактикасы өз жемісін беріп жатыр. Адамдар қауіп туралы хабардар. Дегенмен аферистер адамдардың сеніміне кіру үшін жаңа айла-амалдар ойлап табуда. Олардың мақсаты – адамдардың жеке құпия мәліметтерін сұрап алып, қаражатына қол жеткізу немесе олардың аттарына несие ресімдеу. Қандай жағдай болмасын, бөгде адамға құпия мәліметтер, пин-код, sms-хабарламаммен келетін бірреттік құпия сөзді айтпаңыздар. Телефон арқылы таныс емес тұлғалармен қаржы операцияларын жүргізуге болмайды. Егер қаражатыңыздың қауіпсіздігі туралы күмәндансаңыз, банк филиалына барыңыз. Егер «банк қауіпсіздігі қызметінен қоңырау» түссе, әңгімені дереу доғарыңыз, бұл – аферистер, – деп ескертті Петропавл қалалық полиция басқармасының бастығы Жандос Мұқатов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама