×

Ұнай ма, ұнамай ма, Ресеймен тату тұруымыз қажет – экс-сенатор (ВИДЕО)

Халықтың алаңдауы орынды, бірақ қазір Ресейдің бізге қарауға шамасы жоқ

 Еркеғали Болатұлы 30.09.2022 | 12:24

Ресейде жарияланған мобилизация кесірінен Қазақстанға көрші елдің азаматтары ағылып жатыр. Соңғы ақпарат бойынша, 21 қыркүйектен бері шекарадан 100 мыңға жуық ресейлік өткен. Бұл ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндірмей ме?

«Сұрауы бар» YouTube арнасының тілшісі осы сұрақты экс-сенатор, Қазақстан заңгерлері одағының төрағасы Серік Ақылбайға қойып көрді. Жауапқа қарағанда, шекараны «сарт» еткізіп жауып тастауға біздің биліктің шамасы жетпейді.

Ресей өздері де шекарадан жібергісі жоқ ешкімді. Екінші жағынан, келем дегенге есікті толық жауып тастай алмаймыз. Ресеймен ең үлкен шекара бізде. Оны жабу оңай емес. Ресеймен ең көп қарым-қатынас жасаймыз. Осының бәрін тоқтатып, сарт етікізіп жауып тастауға жағдайымыз жетпейді, - деді экс-сенатор.

Сондай-ақ ол Қазақстан бейтарап, бірақ бәрібір Ресей агрессор болса да көршіміз екенін ескеру керек екенін алға тартты. Алайда мұнда «Қазақстанға келген ресейліктер ертең «Путин, көмектес!» деп жүрмей ме?» деген бір мәселе бар. Бұған сенатордың өзі де алаңдаулы.

Халықтың алаңдауы орынды. Бірақ қазір Ресейдің бізге қарауға шамасы жоқ. Басып алам дегенін басып ала алмай, жеңіліп жатыр. Империялық жасайтыны бар. Қытай басшысы – екі жыл сыртқа шықпаған адам. Шанхай ұйымының саммитіне бара жатып, бізге соқты. Бұл жай емес. Ал келгеннен кейін айтқан сөзі – Ресей үшін үлкен тежеу.

Әрине, Қытайдың да өз мүддесі бар. Ол мұндағы нарықты Ресейге бергісі келмейді. Ресей – ежелден келе жатқан көршіміз. Хандық заманнан бері. Біз көшіп ешқайда кете алмаймыз. Сондықтан тіл табысып тұруымыз керек. Ұнай ма, ұнамай ма, өз мүддемізді сақтауымыз қажет», - дейді Серік Ақылбай.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама