×

Қазақстанға мобилизациядан үдере көшкен ресейліктерден зиян көп – экономист

Қазақстанда заңсыз қалатын ресейліктерді көбейтіп, көші-қон қызметінде жемқорлық еселене түспек

 Еркеғали Болатұлы 27.09.2022 | 11:04
коллаж: Halyq Uni

Ресейде мобилизация жарияланғаннан бері Қазақстанға келіп жатқан азаматтардың ағыны өте көп. «Сұрауы бар» Youtube арнасына берген сұхбатында экономист Мақсат Халық бұл көштің пайдасынан гөрі зияны басым болатынын ашық айтады. Онсыз да шарықтауында шек болмай тұрғанда, азық-түлік пен түрғын үй бағасының тағы өсуіне әкеледі.

«Бірден айтайын, қазіргі жағдайда сондай бір экономикалық тиімділігін көріп тұрған жоқпын. Көп азаматтар туризм саласы, қонақ үй бизнесі дамиды дейді. Әрине, белгілі бір дәрежеде әсері бар шығар. Бірақ бүгінде бағаның қатты шарықтап кетіп жатқанын көріп отырмыз және траспорттық шығындар да артты. Таски, қалааралық көлік шығындары да өсіп кетті.

Өте көп адамдардың бір уақытта келуі қала инфрақұрылымына да үлкен ауыртпашылық түсіреді. Ертең көптеген тауарлар, соның ішінде азық-түлік тапшығылығы болуы мүмкін. Ал тапшылық болғаннан кейін оның бағасы да өсіп кетеді.

Олар рубльмен келіп жатыр. Жыл басынан бері бізде қордаланып қалған рубль көп. Оны Ресейден басқа бірде-бір мемлекет алмайды. Ресейдің өзі де оны алуға мүдделі емес», - дейді экономист.

Бұған қоса, еңбек нарығында да бәсекелестік артып, өзіміздің жұмыскерлер ысырылып қалу қаупі басым.

Жұмыссыздыққа да әсері бар. Себебі келіп жатқан азаматтар максималды түрде осы жерде қалып қойғысы келеді. Біздің азаматтарымыз ығысып қалуы мүмкін.

Жұмыс берушілерге ресейліктерді жалдау әлдеқайда тиімді. Олардың біліктілігі әлдеқайда жоғары болуы да мүмкін. Белгілі бір дәрежеде жұмыс шарттары оңайырақ. Өздеріне ыңғайлы жағдай жасайды», - дейді Мақсат Халық.

Сондықтан экономист Үкімет қарап отырмай, шекараға шектеу қою керек дейді. Оған Ресей билігі де мүдделі болмақ. Әйтпесе, арты Қазақстанда заңсыз қалатын ресейліктерді көбейтіп, көші-қон қызметінде жемқорлық еселене түспек.

Айналып келгенде, біз өзіміздің ұлттық қауіпсіздігімізді ойлауымыз керек. Әрине, ортақ келісімдеріміз бар шығар. Бірақ қазір форс-можор жағдай. Осындай жағдайда уақытша болса да «кіргізбейміз» деп өзіміздің позициямызды айта алмасақ, онда несіне елміз?

Заңсыз қалуды қалайтындар қазірдің өзінде еселеніп жатқан сияқты. Жемқорлық артады. Келіп жатқан адамдардың қарқыны соны нұсқайды», - дейді экономист.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама