×

Бастаған реформаларды соңына жеткізу керек – сарапшы алдағы сайлау туралы

Президент сайлауы 2022 жылдың 20 қарашасында өтеді

 Халық үні 22.09.2022 | 12:50
Әсел Әбен. Фото: primeminister.kz

ҚР президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы Әсел Әбен қарашада өтетін сайлауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Айта кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР президентін кезектен тыс сайлау күнін бекітті. Сайлау 20 қарашада өтеді.

«БІЗГЕ МЫҚТЫ САЯСИ ЖҮЙЕ ҚАЖЕТ»

Әсел Әбеннің айтуынша, осы сайлау елдегі сайлауға қатысты көзқарасты түбегейлі өзгертеді.

«ҚР президентін кезектен тыс сайлаудың бұған дейінгі сайлаудан айырмашылығы бар. Бұл сайлау осы саяси науқанға қатысты көзқарасты түбегейлі өзгертетін маңызды бөліктен тұрады», - дейді Әсел Әбен.

Сондай-ақ сарапшы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлыққа қол қойған уақытына назар аударды.

«Мемлекет басшысы президентті кезектен тыс сайлау туралы жарлыққа 21 қыркүйекте қол қойды. Ал сайлау өтетінін 1 қыркүйекте Қазақстан халқына жолдауы кезінде хабарлады. Демек, араға бір айға жуық уақыт өтті. Бұл - қоғамдық талқылау мен дайындық жұмыстарына жететін уақыт», - дейді сарапшы.

Әсел Әбеннің сөзінше, президент елде парламент сайлауы өтетіні алты ай бұрын жарияланғанын айтты.

«Бұл уақыт партиялардың саяси бағдарламасын әзірлеп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге дайындалуға жеткілікті», - дейді ол.

Сондай-ақ сарапшы алдағы сайлауды еліміз бетпе-бет келген ішкі және сыртқы сын-қатерлерге жауап деп атады.

«Біз бастаған саяси және экономикалық реформаларды соңына жеткізуіміз керек. Сол себепті саяси институттарды жаңарту күшімізді әлеуметтік-экономикалық саланы нығайтуға шоғырландыруға мүмкіндік береді. Келешекте экономикалық даму тұрғысынан қиын болуы мүмкін, сондықтан түрлі себепке байланысты сайлау өткізу маңызды болып отыр. Бізге экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шеше алатын мықты саяси жүйе қажет», - деп түйіндеді Әсел Әбен.

«САЙЛАУ ЗАҢҒА СӘЙКЕС ӨТЕДІ»

Қазақстан президентін кезектен тыс сайлау күні нақтыланған соң мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға үндеу жасады. Президент биыл өзгерістер жылы болғанын айтып, кейінгі үш жылда жасалған өзгерістер мен конституциялық реформа мемлекеттік-саяси құрылымның жаңа үлгісін қалыптастырғанын айтты.

Сондай-ақ президент сайлау елдің бүкіл саяси жүйесін түбегейлі өзгертетінін айтты. Сол арқылы экономиканы тұрақты дамытуды, халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуды көздейтін ұзақ мерзімді міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік туады. 

«Мен жолдауымда бірқатар ауқымды әлеуметтік-экономикалық шаралар  қолға алынатынын жарияладым. Біз оның бәрін жақын арада жүзеге асыруымыз керек. Көп ұзамай қоғамға сайлау алдындағы тұғырнамамды ұсынамын. Онда әлеуметтік-экономикалық дамуды көздейтін жаңа бастамалар айтылады. Мемлекет басшысы ретінде сайлау науқаны қатаң түрде заңға сәйкес өтетініне кепілдік беремін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ президент сайлаудың отандық және шетелдік байқаушылардың қатысуымен әділ әрі ашық өткізілетінін хабарлады.

«Барша азаматтарымызды жауапкершілігін сезініп, демократия, заң және тәртіп қағидаттарын берік ұстануға шақырамын. Еліміздің бірлігі мен тұтастығын көрсете білейік. Халқымыздың тағдыры, Қазақстанның болашағы әрқайсымыздың қолымызда. Біз Әділетті Қазақстанды бірге құрамыз!», - деді Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама