×

Тоқаев БҰҰ-да Ресейге қарама-қайшы мәлімдеме жасады

Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында бекітілген құндылықтар жүйесі миллиондаған адамға үміт сәулесі болып қала беретінін айтты

 Дастан Жұмабекұлы 21.09.2022 | 14:33
фото: ашық дереккөз

Украинада өздерін-өздері республика деп жариялаған «Донецк Халық Республикасы» сепаратистік қозғалысының басшылары Ресейге қосылу туралы псевдореферендум жариялауға дайындалып жатқанда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясы жалпы дебаттарына қатысып, елдердің аумақтық тұстастығын сақтап қалудың маңыздылығы туралы мәлімдеме жасады.

Қазақстан Президенті өз сөзінде осыдан 77 жыл бұрын БҰҰ-ның негізін қалаушы мемлекеттер ұйымның Жарғысында осы уақытқа дейін біздің қызметімізді сәтті реттеп келгенін халықаралық құқықтың қағидаттары мен нормаларын жазып, бекіткенін еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ негізінде жатқан іргелі постулаттарды сақтаудың маңыздылығына назар аударды. Атап айтқанда, ол мемлекеттер егемендігінің теңдігі, территориялық тұтастықты құрметтеу және мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруі сияқты үш негізгі қағидаттың өзара байланысын қайта қарастыру қажеттігіне тоқталды.

«Бұл –  үш қағидат өзара бір-біріне тәуелді. Осы қағидаттардың бірін сақтау қалған екеуін ұстануды білдіреді. Ал олардың бірін бұзу, басқа екеуін бұзған болып саналады. Дәстүрлі және ядролық қарусызданудың жаһандық жүйесі әлсіреген кезде аталған үш қағидатқа қауіп төнеді. Керісінше, үш қағидаттың түгел сақталуы олардың күшеюіне ықпал етеді. Бұл қағидаттар бірге кеңейтілген мемлекетаралық ынтымақтастықтың келесі үш деңгейіне негіз болады: субөңірлік, өңірлік және жаһандық. Бұл адамзат үшін пайдалы. БҰҰ аясында бекітілген құндылықтар жүйесі әлемнің түпкір-түпкіріндегі миллиондаған адамға үміт сәулесі болып қала береді», –  деп сенім білдірді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ынтымақтастық рухына негізделген БҰҰ-ны басшылыққа алып, аталған құндылықтарды батыл қорғауға шақырды.

«Біз ортақ мұрамыз бен игілігімізге нұқсан келтіретін батылсыздыққа немесе біржақты мүддеге жол беруге құқымыз жоқ. Көп нәрсеге тәуекел етуге тура келеді. Осыған байланысты Қазақстан  инклюзивтілік, көпжақтылық және ізгі ниет жолында тиісті субъектілердің бәрімен ынтымақтастық орнатуға дайын», –  деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы заманауи сын-қатерлерді тек ұжымдық күш-жігермен ғана жеңуге болатынын айтты. Осыған байланысты ол бірқатар тәсілдерді атап көрсетті.

Оның айтуынша, өткен жылдардағы көптеген және көбіне өзара байланысты дағдарыстар жаһандық басқаруда айтарлықтай кемшіліктер бар екенін көрсетті. Олар БҰҰ-ны жаңғырту және реформалау қажет екенін айқындап берді. БҰҰ алдағы сын-қатерлерге және туындайтын мүмкіндіктерге дайын болуға тиіс.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама