×

Мәжіліс төрағасы Қостанай облысындағы өрттің әдейі ұйымдастырылғанын жоққа шығармады

Құзырлы органдар оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр

 Дәурен Ерболат 07.09.2022 | 14:57
фото © Нұрдәулет Әбікеев

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Қостанай облысындағы өрт әдейі ұйымдастырылуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Журналистер Мәжіліс спикеріне «Қостанай облысындағы өрт қасақана қойылуы мүмкін бе? Себебі, әлеуметтік желіде бұл мәселені қызу талқыланып жатыр» деп сұрақ қойды.

Бәрі де мүмкін. Бірақ оның барлығына тергеу және құқық қорғау органдары жауабын беруі керек. Қазір тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс қозғалды. Сондықтан оның шешімін күтейік, - деді Ерлан Қошанов.

ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ӨРТ

Қостанай облысында 3 қыркүйекте өрт басталды. Ол Әулиекөл, Ұзынкөл және Қарабалық аудандарына тарады. Содан кейін өртті сөндіру үшін жұмыстарына Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин бастаған жедел топ барды. 

Содан кейін Қостанай облысында өрттен зардап шеккен адамдарға көмек көрсету және залал көлемін есептеу үшін штаб құрылды. 

5 қыркүйекте облыстағы жағдаймен танысу үшін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысына барды. 

7 қыркүйектегі ақпарат бойынша, елдімекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Жалындап жанып жатқан учаскелер жоқ, от ошақтарын сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аманқарағай, Лесное, Озерное және Бағаналы ауылдарында бақылау жүргізіліп жатыр.

Озерное, Лесное және Аманқарағай ауылдарында жағдай тұрақталды. Озерное, Аманқарағай ауылдарында тек локальды өрт ошақтарының бықсуы байқалады.

Өрт сөндіру басталған сәттен бастап тікұшақтар әуеден 243 рет су шашты.

Өрт басталғаннан бері  2 091 адам эвакуацияланды. Оның ішінде 3 қыркүйекте Аманқарағай, Озерное және Лесное ауылдарынан 1 841 адам, 5 қыркүйекте Бағаналы ауылынан Қазанбасы ауылына 250 адам жеткізілді.

Әулиекөл орта мектебінің (21 адам), Әулиекөл мектеп-интернатының (1 адам), Қазанбасы орта мектебінің (20 адам) эвакуациялау пунктінде 42 адам, оның ішінде 14 бала бар. Эвакуцияланғандардың негізгі бөлігі өз үйлеріне оралды, қалғандары туыстарының үйінде.

Барлығы 91 тұрғын үй зардап шекті. Оның ішінде Аманқарағай ауылында 85 және Озерный ауылында 6 үй бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама