×

«Пентагонға жұмыс істейді». Моңғолияда тыңшылықпен ұсталды деген қазақстандық тарихшы жауап берді

Аноним арналар Назарбаевтың Шыңғыс хан ұрпағы екенін дәлелдемек болды дейді

 Айнұр Шошаева 25.08.2022 | 16:01
Сурет: Жақсылық Сәбитовтың жеке архивінен

Қазақстандық тарихшы, ғалым Жақсылық Сәбитов ресейлік БАҚ-та өзіне қатысты жазылып жатқан ақпаратқа пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Оның айтуынша, алғашқы қауесет шілде айында таралған. 

«Соған сенсек, мен Мақсат Жабағинмен бірге болашақта Солтүстік Қытай халқына геноцид жасау үшін биологиялық материал жинап, шпионаж жасағанымыз үшін үй қамаққа алыныппыз», – деп жазды тарихшы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына.

Ресейлік БАҚ қазақстандық ғалымдарды Пентагонның тапсырысын орындады деп жазған. 

«...Пентагонның Моңғолияға деген қызығушылығы Тайваньға байланысты ҚХР-мен қақтығыс қаупімен байланысты болуы мүмкін.Бұл алдағы биологиялық соғысқа дайындық болуы мүмкін. Моңғолия халқы мен климаты жағынан Солтүстік Қытайға жақын. Қан үлгілері әртүрлі ауруларға, түрлі дерттерге және зерттелген популяцияның жалпы ерекшеліктеріне төзімділікті бағалауға мүмкіндік береді. Осы мәліметтерді алғаннан кейін Пентагонға Тайваньмен соғыста қытайларды улау оңайға түседі. Қазақ агентурасы да Вашингтонға көмектесіп, алған ақшасын өтеуге тиіс», – деп жазды ресейлік БАҚ.

«Осыдан кейін өзбек ақпарат құралдары бұл материалды «Моңғол даласындағы қазақтың Джеймс Бондтары» деген атаумен көшіріп басты», – дейді тарихшы. 

Сондай-ақ тарихшы тамыз айында ресейлік ақпарат сегментіне өздеріне қатысты кезекті жалған ақпарат жарияланғанын айтады. Бұл жолы қазақстандық тарихшыларды Пентагон мен Бундесверге жұмыс істейді және Covid-19 жасауға қатысы бар деп жазған. 

«Мен бірден нақтылағым келді, біз ешқандай да тыңшылық үшін ұсталған жоқпыз, Covid-19 вирусын ойлап тапқан біз емес және Солтүстік Қытайдың геноцидін жоспарлаған емеспіз. Бізді үйқамақта отыр деген жалған ақпарат. Бұған фейсбукке Моңғолияға жасаған сапарларымыздың фотосуреттері дәлел бола алады. Себебі бір уақытта үйқамақта болып және Ұлан-Батордан бірнеше жүз шақырым жерде жүру мүмкін емес», – деп қосты Сәбитов. 

Сонымен бірге, ол бірнеше күн бұрын тарихшы өзіне қатысты тағы бір қауесет тарағанын жазды. Анонимді арналар Жақсылық Сәбитовты ғылыми жетекші ретінде 2022 жылы таныстық арқылы Назарбаев пен Шыңғысханның генетикалық байланысын зерттеу жобасына миллиондаған теңге ақша алып, сол үшін Моңғолияда қамалғанын жазған. 

«Бұл үшін біз халықаралық шпионажбен айыпталып, түгірікпен миллондап айыппұл төлейді екенбіз. Бұл өсектердің анонимді авторлары менің 2016 жылы мұндай идеологемаға қарсы шыққанымды ойландырмады. ... Менің ондай тезисті сынағаныма дәлелдер бар. Назарбаев ешқандай да Шыңғысханның ұрпағы емес, мен бұл сандырақты дәлелдеу үшін жүздеген миллион теңгеге ешқандай грант алған жоқпын. Бұл қауесет барлық рекордты жаңартты», – деп қорытындылады Жақсылық Сәбитов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама