×

Саясаттанушы Тоқаев пен Зеленский арасында қандай әңгіме болғанын тұспалдады

«Жібек жолы» кемесіне қатысты Украина тарапынан сұрақ туындауы заңды

 Ая Өміртай 25.07.2022 | 16:25
Коллаж: Halyq Uni

23 шілде күні Украина тарапының бастамасымен Тоқаев Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесті.

Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, сөйлесу кезінде ҚР президенті БҰҰ-ның көмек көрсетуімен Украина астығын экспорттау жөніндегі Түркияда қол жеткізілген үшжақты келісімге оң баға берген.

Осы орайда Halyq Uni тілшісі екі ел президентінің екеуара әңгімесінде қандай мәселелер қозғалуы мүмкін деген сауалды сарапшы Дос Көшімнен сұрап көрді.

«ҚАЗАҚСТАН МЕН УКРАИНА АРАСЫНДА ТҮСІНІСПЕУШІЛІК БОЛМАУҒА ТИІС»

Сарапшының айтуынша, Украинадан астық ұрлауға пайдаланған қазақстандық кеме Қазақстан туралы оң пікір қалыптастырмайды.

«Украина тарапы Түркияға хабарласып, Украина астығын ұрлап әкетіп бара жатқан Ресейдің туын ілген кемені ұстауға мұрындық болды. Оған Қазақстан тарапының ешқандай қатысы жоқ. Әңгіме Ресейдің Қазақстаннан кемені жалға алуында. Шындығында, Ресей басып алған жерден астық тасып, ұрлық жасап жатыр. Бәлкім, Тоқаев пен Зеленский осы мәселені реттеу туралы сөйлесетін шығар. Өйткені кеме Қазақстандікі болғандықтан, Украина тарапынан міндетті түрде сұрақ туады», - деген сарапшы кемені жалға алу ісінің әлемдік тәжірибеде кеңінен кездесетінін атады.

Оның айтуынша, аталған мәселеде Қазақстан мен Украина арасында қандай да бір түсініспеушілік болмауға тиіс.

«Ресейдің түпкілікті мақсаты қандай екенін білмеймін. Бірақ кез келген елдің кемелерін жалға алу және басқа транспортқа қарағанда кеменің өзге елдің туының астында жүруі көп кездеседі. Әрине, Қазақстанға жақсы көзқарас қалыптастырмайтыны айдан анық. Себебі «Жібек жолы» деген кеме ұсталды дегенде, астық ұрлығына Қазақстанның кемесінің қандай қатысы бар деп менің өзім ішімнен сасып қалдым. Ал Ресей тарапы Украина астығын тасымалдауға шектеу қоймайтынын мәлімдеді. Бұл мәселе БҰҰ сынды халықаралық ұйымдардың араласуымен, керек десеңіз әлемдік деңгейде шешілген мәселе. Себебі астық порттан шығарылмаса, Африка, Азия мен Таяу Шығыстың кедей елдерінде аштық болуы мүмкін деген қауіп бар», - дейді Дос Көшім.

«ҚАЗАҚСТАН БАТЫЛ ҚАДАМҒА БАРМАЙ ОТЫР»

Оның айтуынша, Қазақстан мен Украина арасындағы қарым-қатынас әлі де болса орнықты емес. Өйткені Ресеймен арадағы экономикалық байланыс Қазақстанға батыл қадамға баруға тосқауыл болып отыр.

«БҰҰ Бас ассамблеясы Ресейдің Украинадағы басқыншылығын тоқтатып, әскерін шығаруды талап ететін резолюцияны қабылдау кезінде Қазақстан қалыс қалды. Ол жағынан Украина жағы ренжіп, әр уақытта айтып жүр. Ресми түрде біз әлі де болса Ресей жағындамыз. Алайда соңғы уақыттардағы Тоқаевтың Санкт-Петербургтегі сөзінен кейін Украинамен арамызда белгілі бір жақсару болуы мүмкін. Одан кейін гуманитарлық көмек жібергеніміз де бар. Тоқаев екі жағын да ұстап отыр деп ойлаймын. Өзім жеке азамат есебінде Ресейдің агрессиясын ашық айтып, өзіміздің саяси бағытымызды анық жеткізуіміз керек еді деген ойдамын. Бірақ Ресеймен арамызда экономикалық байланысымыз әрі біздің алдымызды жауып қоятын мұнай құбырлары бар болғандықтан қолбайлау болып отыр. Осы себепті Қазақстан әлі де болса батыл қадамға бармай отыр», - дейді сарапшы.

Айта кетелік, Түркияда ұсталған Ресейдің туын тігіп, астық артқан «Жібек жолы» кемесі қазақстандық «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының еншілес компаниясына тиесілі екендігі белгілі болған.

7 шілде күні Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев «Жібек жолы» кемесін жалға алған ресейлік компаниямен келісім-шартты бұзуы мүмкін екенін хабарлады.

«Егер кеме Қазақстанда және халықаралық құқықта қабылданған құқықтық нормаларға сәйкес келмейтін қызметпен [тасымалдаумен] айналысса, әрине, бұл келісім бұзылады және кеме кері қайтарылады», - деді министр баспасөзге берген сұхбатында.

Ал Reuters агенттігінің жазуынша, Украинадағы қақтығыс азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық тудырғандықтан, дау азық-түлік бағасының әбден шарықтаған кезінде туындап отыр.

«Refinitiv кемесінің бақылау деректері кеменің сәрсенбі күні кешке Түркияның солтүстік-батысындағы портынан жүзіп шыққанын көрсеткеннен кейін, Украина министрлігі кеменің шығуына рұқсат етілуін «өрескелдік» деп мәлімдеді», - деп жазды басылым.

Украина билігінің мәліметіне қарағанда, Ресей басып кіргелі Украина жерінен кемі 400 мың тонна астық ұрланған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама