×

Желаяқ Жеруто Қазақстан туралы ойын айтты

Ол Өскемен қаласында жиі болатынын жеткізді

 Дастан Жұмабекұлы 22.07.2022 | 17:55
коллаж: Halyq Uni

АҚШ-тың Орегон штатында жеңіл атлетикадан өткен әлем чемпионатында Қазақстанның атынан қатысқан желаяқ қыз Нора Жеруто әйелдер арасында 3 мың метрге кедергілер арқылы жүгіруден финалдық сайыста мәреге бірінші болып келген болатын. Сөйтіп, ол еліміздің жеңіл атлетика тарихындағы алғашқы алтын медальді жеңіп алып, Қазақстанның көк байрағын иығына асынып, көкке желбіретіп, әнұранын ойнатты.  

Бүгін ол Zakon.kz порталына берген сұхбатында Қазақстан азаматтығын алған кезден бергі елімізге деген сезімі туралы айтты.

Ол жарыс біткен бойда стадионда жүрген қазақстандықтардан көп құттықтау, жылы сөз естігенін, әлеуметтік желіде де оны көп адамның құттықтағанын айтып, жеңіске жетудің басты сыры ол, үздіксіз әрі талмай жаттығуға байланысты екенін, сонымен бірге шетелдегі «Гауһар лигасы» жарыстарына, Қазақстандағы жабық және ашық турнирлерге қатысудың әсері болғанын атап өтті.

Одан әрі желаяқ Жеруто кедергілерімен 3000 метрге жүгірудің сырын айтты. Ол жүгіруде жеңіске жету ешқандай адамның табиғи болмысына байланысты еместігін, құрмет тұғырына көтерілу үшін жүгіруді үйрететін бірнеше бағдарлама мен жаттығуларды істеу керектігін ескертті.

Сондай-ақ ол елімізде спортты жақсы көретін халықтың көптігін айтып, бұл оны ерекше шабыттандырып, басқаша сезімдерге жетелейтінін жеткізді.

Кения мен Қазақстанды байланыстыратын бір нәрсе бар. Ол – спорт мәдениеті. Екі елде де бұл 100 % бар. Қазақстандықтар спортты жақсы көреді. Жас дарынды спортшылардың қалай дамып, шеберліктерін шыңдап келе жатқанын көріп жүрмін. Осы жастар  дүние жүзіндегі турнирлер мен жарыстарда жүлделі орындарды жеңіп алатынына сенемін, –  деді ол.

«Өзіңізді Қазақстан спортшысы ретінде сезінесіз бе?», – деген сұраққа Жеруто бірден жауап берді.

Иә, әрине. Мен Қазақстан жеңіл атлетикасының тарихындағы алғашқы әлем чемпионы атағын жеңіп алып, тарихта қалдым, – деді спортшы.

Сонымен бірге ол елімізде көбінесе Шығыс Қазақстан облысында, Өскеменде қаласында болатынын, осы жерде оқу-жаттығулар жасайтынын атап өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама