×

«Қаңтар оқиғасында 272-баппен сотталып жатқандарды батыр деп есептеймін» - Абзал Құспан

Абзал Құспан айыпталушы азаматтар туралы айтты

 Қанат Атаманов 09.07.2022 | 01:00

«Қаңтар оқиғасына қатысты» деп заңсыз айыпталып, түрмеге тоғытылған азаматтың нақты қаншауы ақталып шықты? Бұл туралы YouTube желісіндегі «Сұрауы бар» арнасына сұқбат берген «Аманат» қоғамдық комиссиясының жетекшісі Абзал Құспанов жауап берді.

Адвокатың айтуынша, тәуелсіз қорғаушылар альянсы ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабына, яғни «жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деп айыпталып жатқандардың ісімен ерекше санатта айналысып жатыр.

«Негізгі тағылып жатқан айып 272-бап, яғни жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу. Біздің негізгі фокусымыз, назарымыз - осы. Қару-жарақ ұрлады, ғимараттарды өртеуге қатысты, полиция мен қарапайым азаматтарды ұрып-соғу фактілері – оларды бөлек категория ретінде қарастырамыз. Ішінде кездейсоқ адам кетіп қалмас үшін. Ал 272-баппен қамалғандардың 80%-ға жуығын шығардық», - дейді Абзал Құспанов.

Дегенмен, 272-бап бойынша ісі тергелген азаматтың бірі бәрібір сотталып кетіпті. Адвокат оны батыр деп есептейтінін айтады.

«Сотқа барғандардың ішінен әзірге нақты бір азамат қана бас бостандығынан айырылып отыр. 3 жылға. Ол - Шымкент қаласындағы Молдабай деген ағамыз. Ол кісіні «қылмыскер» деп айтуға келмейді. Жалпы 272-баптың 2-бөлімімен істі болып жатқан азаматтарды мен өз басым «қылмыскер» деп есептемеймін. Иә, Қылмыстық кодексте ондай бап бар. Айып тағылып жатыр, істер сотқа жолданған. «Желтоқсанның қаһармандары» деп айтамыз ғой, оларға біз батыр ретінде қараймыз ғой. Қайрат Рысқұлбеков солай сотталды ғой. Бірақ оны қалай «қылмыскер» деп айта аламыз. Дәл сол сияқты, 272-баппен сотталғандарды мен батыр деп есептеймін. Ерте ме кеш пе, олар батыр ретінде танылады», - дейді адвокат.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама