×

«Дикий Арманды» Алматыға арнайы ұшақпен алдырған - адвокат қаңтар оқиғасы жайлы

Абзал Құспан қаңтар оқиғасына Назарбаевтар отбасы мүшелерінің қатысы барын айтты

 Қанат Атаманов 08.07.2022 | 23:20

Қаңтар оқиғасын ұйымдастыруға Назарбаевтар отбасы мүшелерінің қатысы бар. Бұл жайында белгілі адвокат Абзал Құспан «Сұрауы бар» YouTube арнасына берген сұхбатында айтты.

«Отбасы мүшелері, оның ішінде қамауда жатқан Қайрат Сатыбалды ең негізгі тұлға. «Центровой фигура» дейді ғой. Оның командасы мықты екенін білеміз. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері бар, «Дикий Арман» бар. Оның ҰҚК-мен байланысы барын қаңтар оқиғасына дейін айтқанбыз. Қолдан жасалған «батыр» еді ғой. Осы армия дайын болды», - дейді адвокат.

Абзал Құспанның болжамынша, қылмыс әлемінің серкесі саналған Арман Жұмагелдиевті Түркиядан Алматыға арнайы ұшақпен алдыртқан.

«Ол өздігінен ұшып келе алмайды. Билік органдарының арнайы ұшағымен алдырылды деген әңгіме бар. Әйтпесе, әдеттегі ұшаққа билет алып, Алматыға ұшып келе алмайды. Өйткені, ол іздеуде ғой. Шекара бекеттерінде оған «қызыл жалауша» тұрды. Ол құжатын көрсеткен бойда қамауға алынуы керек. Оның Түркияда тұрғанын - бәрін білеміз. Қаңтар оқиғасы кезінде ел ортасында жүрді. Қолына қару ұстаған. Айналасында да сондай адамдар жүрді. «Дикий Арманның» жігіттері тек Алматыда болған жоқ. Барлық өңірде жүрді. Негізі міндеті - арандату», - деді Абзал Құспан. 

Адвокаттың пікірінше, қаңтар оқиғасы кезінде бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов орындаушы функциясын атқарған. Яғни, Мәсімов ықпалы күшті Қайрат Сатыбалдының ығына жығылып, айтқанын орындаған. Назарбаевтың інілері тұңғыш президенттің денсаулығына алаңдап, билікті басып алуға әлдеқашан дайындалған.

«Олар Тоқаевтың билігі бара-бара күшейіп кететінінен қауіптенді. Қалай болғанда да тұңғыш президенттің жасы келді. «Бір аяғы төрде, бір аяғы көрде» дейді ғой. Табиғаттың заңы ғой. Сол кезде Тоқаев ресми түрде билікте қалып қояды деген қаупі болды. Сондықтан олар дайын отырды», - дейді Абзал Құспан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама