×

Бірлік болмаса бәрі бекер - Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы

Беларусьпен матчты «Астана Аренада өткізгіміз келеді

 Дастан Жұмабекұлы 14.06.2022 | 09:10
фото: Ілияс Омаров

Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Магомед Адиев Ұлттар лигасындағы Словакия командасымен өткен кездесуден БАҚ өкілдерінің ойын туралы сұрақтарына жауап берді.

- Бүгінгі ойын жайлы не айтасыз?

- Кез келген команданың өз ерекшеліктері болады. Біз Словакияның мықты ойыншыларын тұсап ұстауға тырыстық. Қарап қалмай, қарсы шабуылдарға шығып, гол соғатын мүмкіндіктер жасадық. Әрине, қарсылас допқа көп иелік етті.

Біз он күнде небәрі он бес шақты футболшымен ойнап шықтық. Еліміздің қолдауын да айта кету керек. Олар бізге күш беріп, алға жетеледі.

- Қазақстан құрамасының мұндай жетістікке жетуіне не себеп болды?

- Футболда жеңіспен бірге, жеңіліс те қатар жүреді. Беларусьпен матчтың соңғы жағында гол жіберіп, ұтылып қалуымыз мүмкін еді. Ең бастысы, біз жаттықтырушылар штабымен бірге киім ауыстыратын бөлмедегі атмосфераны жақсарта алдық. Командада мықты ойыншылар мен үздік бапкер бола тұра, бірлік болмаса, нәтижеге жету өте қиын. Бірлік болмаса бәрі бекер.

Футболшылар бар күшін салды. Бұл олардың мерекесі. Бас жаттықтырушыға қарағанда ойыншылардың еңбегі көп болды. Алғаш рет жеңісті осылай тойлаған шығармын. Жігіттердің арқасында эмоцияға ерік беріп, балаша қуандым. Бұл үшін оларға көп рахмет!

- Ұлттық құрамаға көп шақыртылмайтын Михаил Габышевтің ойынын қалай бағалайсыз?

- Тимур мен Мишамен «Шахтерде» бірге жұмыс істедім. Оларды ұлттық құрамаға не үшін шақырғанымды жақсы білемін. Қос қапталға әр ойын сайын ротация жасау қажет болды. Сол қапталда Тимур, Ян және Ғафур, ал оң қапталда Михаил мен Бағдат ойнай алады. Словакиямен екі матчта да Габышев өнер көрсетті. Себебі, бұл ойынға оның күш-қуаты керек деп есептедік.

- Беларусьпен ойынды Ақтөбеде өткізу жоспарда бар ма?

- Мен Ақтөбедегі стадионға жаттықтырушы ретінде екі рет барып, тамаша атмосфераның куәсі болдым. Алғашында пандемияға байланысты жанкүйерлерді стадионға кіргізбеді. Бірақ, олар сыртта тұрып, матчқа қызу қолдау көрсетті. Екінші рет келгенде қосалқы стадионда ойнадық. Ол кезде де керемет қолдау болды. Сондықтан Ақтөбедегі жанкүйерлер құрметке лайық деп ойлаймын. Дегенмен ол жақтағы стадион талапқа сай келмейді екен. Сол себепті УЕФА-ға Беларусьпен матчты «Астана Аренада» өткізу туралы өтініш жолдап қойдық.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама