×

«Желге ұшқан есіл ақша». Тарихшы Абаевқа ашық хат жолдады

Ғалымның айтуынша, қорық-музейлерге басшы болып саладан алшақ музыканттар тағайындалған

 Ая Өміртай 10.06.2022 | 12:42
коллаж: Halyq Uni

Соңғы жылдары Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің айналасын абаттандыру жұмыстары басталғалы бері кесене қабырғаларында бұрын-соңды болмаған тұз пайда болған. Тарихшы Мұхтар Қожа жергілікті атқарушы билік ескерткіштер орналасқан тарихи-табиғи ландшафтты қолдан бұзып отырғандықтан, сәулет ескерткіштеріне қауіп төніп тұрғанын айтып, Мәдениет және спорт министрі Дурен Абаевқа ашық хат жолдады.

Тарих ғылымдарының докторы, Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Мұхтар Қожа Қазақстандағы сәулет ескерткіштерін күтіп сақтау, реставрациялау мәселелерін көптен бері көтеріп келеді. Оның айтуынша, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін жөндеуге қыруар қаржы бөлінсе де, жөндеу жұмыстарынан пайда болмай тұр. Кесене айналасына газон егіп, суғаруды қолға алған жергілікті әкімдіктің бұл жұмысы «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» ҚР заңына тікелей қайшы болып отыр.

«Осыдан ескерткіш тұрған жердің ылғалдылығына, топырақ құрамына өзгеріс еніп жатқан жоқ па? Ол кесененің жағдайына бүгін болмаса ертең әсер етпей ме? Ескерткіштерді көгалдандырып суғару жұмыстары «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» ҚР заңына тікелей қайшы келіп тұр. Заңның 30-бабының 3-тармағында «Тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталып тұруына қатер төндіруі мүмкін жұмыстарды жүргізуге тыйым салынады» делінген. Барлық өркениетті елдерде ескерткіштердің ұтымды көріністерін, табиғи ортасын көлеңкелейтін ғимараттарды ескерткіштен алыстау салу ескеріледі. Біздегі сапар орталықтарын тұрғызу, абаттандыру қаражатты тез арада игеру мақсатында асығыс жасала салынған. Тарихи орынды абаттандыру, көріктендіру мәселесінде тарихи ескерткіштің жағдайын болашақта бұл өзгерістердің қалай әсер етуін түсінетін кәсіп иелерінің пікірі шешуші болуы керек», делінген Абаевқа жолданған ашық хатта.

Ескерткіштер өзгеріске, қажетсіз жаңартуларға ұшыраған сайын оның тарихи құндылығы да кеми беретін айтқан маман мұндай жөнсіз жөндеу жұмыстары Яссауи кесенесінен бөлек, еліміздегі өзге де тарихи орындарда жалғасып жатқанын жеткізді. 

«Ескерткіштердің бастапқы қалпын өзгерту, жаңа нәрсе қоса салу біздегі реставрациялық жұмыстарда жиі кездеседі. Мысалы, Жошы хан кесенесінің порталындағы П-іспетті ойықты көк сырлы плиталармен толтыруға ешқандай негіз жоқ. Зерттеген ғалымдар онда эпиграфиялық жазу болған деп жобалайды. Реставрация жасаймыз деп Жошы хан кесенесінің ішіне жаңа сылақ жағылғаны, кейін сын айтылған соң оның алынып тасталғаны белгілі. Бабажа қатын кесенесінің қасбеті бастапқыдан өзгерту жасау ғылыми реставрацияға мүлдем жатпайды. Осындай өзгерістерді кәсіби реставраторлар жасай ма? Отырарда біздің «реставраторлар» кірпіштерден орынсыз қабырғалар көтеріп, құрылыс салып тастаған. Бұл тарихи орынның табиғи көрінісін мүлдем бұзған. Білікті мамандардың жасаған еңбектері еш етті. Қазір Отырардың қорғалу аймағында жаңа құрылыстар тобы пайда болды. Тарихи орын адам танымастай өзгеріп келеді. Тарихи-мәдени мұра обьектілерін қорғау және пайдалану туралы заңымыздың 4-бабында  «ескерткішті жоюдан, бұрмалаудан, орынсыз өзгерістер енгізуден, тарихи түпмәтіннен үзіп тастаудан қорғауды қамтамасыз етеді» делінеді. Жанашырлық жоқ, кәсібилік жоқ. Далаға кеткен есіл мемлекеттің қаржысы», дейді профессор Мұхтар Қожа.

Ол реставрация саласындағы құлдыраудың негізгі себебін 2005 жылы 25 жылдық тарихы мен қалыптасқан мамандары бар, министрлікке тікелей қарасты Республикалық материалдық ескерткіштерді ғылыми-зерттеу және жобалау институтын жауып тастаумен байланыстырады. Айтуынша, осы саладағы білікті мамандар өз жұмыстарын тастап кетуге мәжбүр болған.

«Осы институт барлық ескерткіштердегі реставрациялық жұмыстардың жобаларын електен өткізіп дайындайтын және осы институт қызметкерлерінің қадағалауымен ғана «Қазреставрация» мекемесі нақты бір нысанда реставрация жұмыстарын жүргізе алатын. Институттың жабылуымен Қазақстанда қалыптасқан реставрация жүйесі бұзылды. Осыдан «Қазреставрация» мекемесі монополистке айналды. Өзі би, өзі қожа. Ал монополизмнің неге әкелетіні белгілі», деп жазды маман.

Тарих жанашырының айтуынша, Мәдениет және спорт министрлігі кадр мәселесіне атүсті қарап келеді. Оңтүстіктегі тарихи-мәдени, археологиялық қорық-музейлерге аталған саладан алшақ музыканттар басшылық қызметтерге тағайындалып келген.

«Бұл оркестрге дирижер етіп тарихшыны немесе археологты қойып музыкалық шығарма орындатып қойғанмен бірдей. Қазақстанда сәулет ескерткіштерін күтіп сақтау, реставрациялау мәселелері тығырыққа тірелді. Одан шығудың бірден-бір жолы – өркениетті елдердегі реставрация жасай алатындай жаңа Республикалық материалдық ескерткіштерді ғылыми-зерттеу және жобалау институтын қайта құру. Бұл мәселені қолға алмаған жағдайда ескерткіштеріміздің жағдайы нашарлай бермек. Сізден тарихи ескерткіштердің күтіп сақтаудың өзекті мәселелеріне, әсіресе, елімізде замануи реставрация саласын құруға назар аударуыңызды өтінемін», деп жазды Мұхтар Қожа.

Бұл ретте «Қожа Ахмет Яссауи кесенесін қорғау» атты қоғамдық бірлестігі Қожа Ахмет Яссауи кесенесі және басқа ескерткіштерді сақтаудың өзекті проблемалары жайында көптен бері айтып келеді.

Ел арасында бейресми «Үңгір министр» атағына ие болған Абаев аталған мәселе БАҚ беттерінде сан мәрте айтылып жатқанымен, әзірге қозғала қоймады.

2021 жылы Түркістан қаласының әкімдігі Қожа Ахмет Яссауи мұражайының дизайны үшін 1 миллиард теңгеден астам қаражат бөлген болатын.

Түркістан қаласының бас жоспарына сәйкес, облыста 7 700 га аумаққа «Жасыл белдеу» құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кесене аймағына қарайтын 88 гектар жерді «бау-бақшалы жасыл аймаққа» айналдыру көзделген. Облыс басшысы Шөкеев мырза «Жасыл белдеу Түркістанның табиғи тынысына айналады» деп атқосшы көмекшілерімен бірге абаттандыру жұмыстарының нәтижесімен жиі танысады. Алдағы бес жыл ішінде 110 210 га аумақты көгалдандыруға 170 млн көшет отырғызылатынын айтып, БАҚ-қа хабарлаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама