×

«Туыстарының бәрінен ақша сұраған». Қайтыс болған сарбаздың бауыры өз нұсқасын айтты

Маңғыстау облысында 19 жастағы сарбаз асылып қайтыс болды

 Ербол Тұрымбет 05.06.2022 | 01:14
фото: inaktau.kz

4 маусымда Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы шекара қызметінде әскери борышын өтеп жүрген 19 жастағы Еділ Тешебаевтың асылып өлгені хабарланды.

Қайтыс болған сарбаздың бауыры orda.kz тілшісіне пікір білдіріп, қолдау көрсетуді сұрап отыр. 

«Мен Еділ Тешебаевтың үлкен ағасымын. Бүгін бауырымның қайтыс болғаны туралы қаралы хабар алдық. Бірақ әркім әртүрлі айтады: бірі аяқкиімінің бауына, бірі белдігіне асылып өлген дейді. 

Еділ әскерге аттанар алдында, одан борышын өтеуге қаншалықты дайын екенін сұрадым. «Иә, барамын. Тіпті ұрып-соқса да әскери борышымды өтеймін» деді. Бірақ достарына басқаша айтыпты. «Әскерге барамын деп ойлаушы да болмаңдар. Менің көргенімді көрмей-ақ қойыңдар» депті. Еділ өлерінің алдында туыстарының бәрінен ақша сұраған. Ақша қатты керек болып жатқанын айтты.

Оның өлерінің алдында хат қалдырғаны да айтылып жатыр. Мен оны жақсы білемін, Еділ ондай жігіт емес. Ұйымдастырылған хат. Бала күнінен алғыр еді. Бір шара қолдану керек, дәл осылай қалдыруға болмайды. Бізге қолдау көрсетіңіздер!», - деген марқұмның ағасы.

Еске салайық, ҰҚК шекара қызметі Маңғыстауда қаза тапқан сарбаз өлімінің алдын ала себебін айтып, қол жұмсауына әскери қызмет өткеруі емес, отбасылық-тұрмыстық мәселелер әсер еткен деп хабарлады.

Әскердегі қайғылы жағдайдан кейін ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан армиясындағы әскери қызметшілер арасында өлім-жітімнің жиілеуіне байланысты арнайы комиссия құруды тапсырды.

Осындай жағдайға жол берген офицерлер жазаланатын болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама