×

Табиғи апатты болжайтын орталық керек, елде 500 гидробекет жетіспейді – Мереке Абдрахметовпен сұқбат

Гидрометеорологтар мен климатологтар одағының төрағасы Үкіметке нақты ұсыныстарын айтты

 Айнұр Шошаева 19.04.2024 | 17:24
Мереке Абдрахметов, метеоролог-синоптик, климатолог

Қазақстанда су тасқынынан бөлек, ауа райы құбылысын бақылауға да қажет метереологиялық стансалар мен гидрологиялық бекеттер жетіспейді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Сәуір айынан бастап Қазақстан көктемгі су тасқынымен күресіп жатыр. Елдің 10 облысында өңірлік деңгейдегі төтенше жағдай режимі жарияланды. Тасқын су салдарынан әсіресе Қостанай, Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының бірнеше ауданы зардап шекті. Бүгінге дейін су басқан елді мекендердегі 100 мыңнан астам тұрғынды, оның ішінде 40 мыңнан астам бала қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Үкімет қазір су тасқыны салдарынан келген шығын мен залалды есептеп жатыр.

Мұндай ауқымдағы табиғи апатқа Үкімет неге дайын болмады? Төтенше жағдайлар министрлігі қарғын судың күтпеген жерден – тосыннан болған қауіп екенін айтты.

Осыған дейін болған су тасқыны өзендерге қатысты. Демек су қоймалары мен гидротехникалық ғимараттар бар аумақтарда болған. Ал даладан ағып келіп жатқан судың өзендерге қатысы жоқ. Яғни, еріген қар суы тұтастай даладан келіп жатыр. Даладан келетін қарғын су ешбір елде ескерілмейді. Түсініп тұрсыз ба? Өзендерден, су қоймаларынан, бөгендерден келетін су ғана ескеріледі. Осыны түсіну керек, - деді ТЖ вице-министрі Бауыржан Сыздықов.

Алайда, Мемлекет басшысы көктемгі су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысында болжам дұрыс болмағанын айтты.

Биылғы қарғын су ауқымы жағынан соңғы 30 жылдағы ең ірі су тасқыны саналған 2012 және 2017 жылдардағы деңгейден асып кетті. Бұл нені білдіреді? Болжам жұмыстары мүлдем болмаған. Жағдай салалық мамандардың тапшылығынан туындап отыр. Егер әкімдіктер жыл сайын су тасқынына қарсы жоспарланған барлық іс-шараны тиісті деңгейде жүзеге асырғанда, ауа райы жағдайын ескергеннің өзінде, апаттың салдары мен ауқымы мұншалықты болмас еді. Соған қарағанда, әкімдіктер бұл жұмыстармен айналыспаған, - деді Тоқаев.

Айта кетейік, ҚР Экология кодексіне сәйкес, гидрологиялық мониторинг (бақылау, болжау, сараптау, зертеу) мемлекетік монополияға жатқызылған. Су тасқынына бақылау жүргізу, болжам жасау, қауіпті су тасқыны туралы дауылды ескертулерді тарату «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына (РМК) жүктелген. Бүгінде мемлекетік гидрология бақылау желісі 329 гидрологялық бекеттен тұрады. Мекеме тарапынан көктемде болуы мүмкін су тасқыны қаупін анықтау мақсатында қысқа мерзімді (1-3 күнге арналған), орта мерзімді (10 күнге арналған) және ұзақ мерзімді (1 айға арналған) гидрологиялық болжамы және дауылды (шторм) ескертулер жасалады. Гидрометеорологиялық болжам ғылыми негізде жасалады және міндетті түрде сапасы, дәлдігі жағынан бағаланады.

«ДАБЫЛДЫ ЕСКЕРТУ ҮШ ТӘУЛІКТЕН СОҢ БЕРІЛГЕН»

Қазақстаның Гидрометеорологтар мен климатологтар одағының төрағасы Мереке Абдрахметовтен су тасқынына қатысты пікір білдіруін сұрадық. Ол отандық гидрометеоролгия саласында көп жыл қызмет атқарған, метеоролог-синоптик, климатолог. Сарапшының айтуынша, су тасқынының төрт деңгейі бар: ең төменгі деңгейі 2-5 жылда қайталанса, төртінші деңгейі жойқын апаттық тасқын болып саналады – ол 100-200 жылда қайталанады. Қазір Қазақстанда болып жатқан тасқын – 50-100 жылда қайталанатын түріне жатады.

- Белгіленген тәртіп бойынша «Қазгидрометің» жазық өзендердегі көктемгі су тасқыны қаупі жайлы ақпан айындағы алдын ала болжамы және наурыз айынан басталатын көктемгі су тасқынының көлеміне қатысты негізгі болжамы Үкіметке, әкімдіктерге төтенше жағдайға дайын болудың, алдын алу шараларын ұйымдастырудың негізгі құжаты болып саналады. Биыл синоптиктердің болжамы бойынша, көктемгі су тасқыны алдында атмосфералық процесс (антициклон, циклон) жиі алмасуы мен қайталануына байланысты ауа райы тұрақсыз және құбылмалы болған. Метеорологиялық станциялардың ақпаратына сәйкес, қараша-ақпан айларында өзен бассейндерінде жауын-шашын мөлшері әртүрлі болған. Ең көп ылғал Ақтөбе облысындағы Қосістек өзенінде – 173 мм, ең төменгі көрсеткіш Ембі өзенінде – 21 мм тіркелген.  Кейбір өзендерде қар ылғалы мөлшері көпжылдык көрсеткіштен төмен болған, яғни жауған  жауын-шашын мөлшері бойынша көп жылдық нормадан ерекше ауытқу тіркелмеген, - деді сарапшы.

Сарапшы бақылау деректеріне сүйеніп, күздегі топырақ ылғалы барлық жазықтағы өзендер бойынша көпжылдық көрсеткіштен 1,5 есе, кейбір өзендерде 2 есе, Тоқырау өзенінде 5 есе көп болғанын және кей жерде топырақ ылғалы 98 мм (өте жоғары) болғанын атады.

- Белгілі болған ақпаратарды сараптай келе, қазір су басқан өңірлердегі судың көлемі және гидрологиялық болжамда берілген ағын судың көлемінің сәйкес еместігін байқауға болады. Салыстырып қарайтын болсақ, болжанған көктемгі апатық су тасқыны көлемі бірнеше есе төмен екенін байқаймыз. Атап айтқанда 1 ақпан және 1 наурыздағы гидрологиялық болжамда Торғай, Қарғалы, Ырғыз, Шерубайнұра, Сілеті өзендерінде көктемгі су ағыны көпжылдық нормадан төмен болады деп есептелген. Сергеевка су қоймасына келетін Есіл өзеніндегі су ағыны 1600-2400 млн текше метр, немесе 85%-дан жоғары көлемде күтілген. Ал нақты су тасқыны көлемі нормадан 3 есе артық - 4.00 млнтекше метр болды. Сондай-ақ Атырау облысындағы Жем өзенінің (Құлсары қаласы) көктемгі су тасқыны ағысы көпжылдық нормадан небәрі 12% көп болады деп болжанған, - деп қосты сарапшы.

Климатологтың айтуынша, ұзындығы 1000 км болатын Жайық өзенінің Қазақстанға тиісті бөлігі  бойынша көктемгі су тасқыны көлемінің алдын ала болжамы, ылғал көлемі, топырақ ылғалы, жер тоңы мәліметері берілмеген. Аталған өзенге қатысты ешқандай гидрологиялық ақпарат жоқ.

- Бұл кемшіліктер гидролог – болжаушылар тарапынан жан-жақты терең талдау болмағанын және қолжетімді 50-80 жылдық гидрология ақпаратын толық қолданбағанын көрсетеді. Бірінші кезекте гидролог-болжаушылардың топырақтың ылғал сыймдылығы мен ылғал сіңіру мүмкіндігін толықтай сарапталмағаны, қажетті деңгейде ескерілмегені байқалады. Гидролог болжаушылар Тоқырау өзені гидрологиялық режимін екере отырып "осылайша  күздегі топырақ ылғалының көп мөлшері су тасуына негіз болмайды» деп тұжырым жасаған. Көктемгі су тасқыны мен табиғи апаттың алдын алуда уақытылы және шұғыл түрде гидрологиялық ескерту жасаудың маңызы өте зор, - деді Мереке Абдрахметов.

Сарапшы су басқан елді мекендердегі тұрғындарға дабылды ескерту кешігіп жеткенін айтты.

- Ақтөбе облысында су тасқының алғашқы белгілері 8 наурызда тіркелген, ал дабылды ескерту 11 наурызда берілген. Батыс Қазақстан облысында 9 наурызда Чапаев – Жанқала – Сайхын трассасын еріген қар суы шайып кеткен. Ал шұғыл ақпарат – дабылды ескетру 12 наурызда берілген. Маман болған соң бәрін бақылап отырамын. Атырау обылысы ТЖД жиналысында айтылған мәлімет бар. Өңірдегі жолдарды су шайып жатқанын 8 наурызда айтып бастаған. Ал гидрологтар ақпаратты 11-12 наурызда берген. Сол сияқты 23 наурызда Есіл өзеніне 4 млрд (текше метр) су келген. Болжам бойынша біздің мамандар 2,4 млрд деп берген. Сондай-ақ Сілеті, Торғай, Қарғалы мен Ырғыз өзендері бойынша күтілетін ағын жайлы болжамында аз берген. Осы факторлар көктемгі су көлемі болжамына, дәлдігіне әсерін тигізген», - деді сарапшы.

ҚАЗАҚСТАНДА 500 ГИДРОБЕКЕТ ЖЕТІСПЕЙДІ

Сарапшының пікірінше, отандық гидрометереология қызметі құрамы, мамандардың біліктілігі мен стансалардың саны жағынан әлемде жоғары бағаланады. Мәселен, елімізде 9 аэрологиялық станса бар. Алайда бұл салада мүлдем проблема жоқ дегенді білдірмейді. Мереке Абдрахметовтің пікірінше, саладағы басты мәселенің бірі – метеорологиялық стансалардың, гидрологиялық бекетердің, агрометеобекетердің жеткіліксіз болуы.

- Қазір мемлекеттік гидрология бақылау желісі 329 бекеттен тұрады. Мамандардың айтуынша 800 бекет болуы керек, яғни кем дегенде қосымша 500 бекет қажет. Дүниежүзілік гидрометереологиялық ұйымның техникалық регламентіне сәйкес, су нысандарындағы гидробекеттердің арақашықтығы 100 км деп белгіленген. Бір станса 10 км жерге бақылау жасауы керек. Бізде бұл регламент сақтала бермейді. Мысалы, Есіл өзенін алайық – ұзындығы 1 500 км, регламент бойынша әр 100 шақырымға шаққанда 10 шақты гидробекет болуы керек. Бүгінде онда 3-4 бекет қана бар. Кейбір өзендерде гидробекет мүлдем жоқ. Еліміздегі 7 мың өзеннің 100-ге жуығы ғана гидромониторингпен қамтылған. Сонымен қатар елде 350 ірі өзен бар деп алсақ, су ағынына болжам 30 өзенге ғана берілген. Қалған өзендерге мониторинг жасалмайды деп айтуға болады. Мәселен, су тасқыны болған Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау, Ұлытау облыстары гидрометереологиялық бақылаумен ең аз қамтылған өңірлердің қатарында, - деді ол.

Сарапшы Қазақстандағы материалдық-техникалық базаның ескіріп, құрал-жабдықтардың дер кезінде жаңартылмайтынын да айтты.

- Біздің қолданып отырған технологияларымыз озық санатына жақын, бірақ жетіспейтіні – үлкен суперкомпьютер, есептегіш кластері жоқ. Сол жағынан дамыған елдердің метеоқызметтерінен арттамыз. Қазір болжамдар жаңа технологиялардың көмегімен жасалады. Олар көп ақпаратты қажет етеді. Ақпарат көп болған сайын модельдің дәлдігі үлкен болады. Стансалардың қызметтік үйлері 80-90 пайзыға тозған. Олардың бәрін жаңадан салу керек. Орталық аппарат астанада, ал өңірлерде филиалдары бар. Солардың басым көпшілігінде заманауи қызметтік әкімшілік ғимараты да жоқ, болса ескірген», - деп қосты синоптик.

«ЕЛДЕГІ ЖАЛҒЫЗ ҒЫЛЫМИ ИНСТИТУТ ЖАБЫЛЫП ҚАЛДЫ»

Қазақстанда гидрометереолог мамандары жеткілікті ме? Сарапшының айтуынша, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті метереолог, гидрологтарды дайындайтын қарашаңырақ саналады. Еліміздегі алғашқы кафедра, факультет 1960 жылы сонда ашылған.

- Жылына орта есеппен 20-25 бакалавр маман дайындайды. Бұл жеткілікті. Бірақ бізде оларды жұмысқа алатын «Қазгидрометте» орын жоқ. Менің ақпаратым бойынша, 2018-2019 жылдары гидрометереология саласын 120 маман оқып шыққан. Бірақ «Қазгидрометке» соның төрт-бесеуі ғана қабылданды. Салада маман жеткілікті, тек олардың біліктілігі жетіспейді деуге болады. Жақсы болжамшы болу үшін 10-15 жыл тәжірибе керек. Осынша жыл жұмыс істеген маманның интуициясы қалыптасады. Бұл да көп рөл атқарады. Қазіргі гидрометереологтың көбі жастар. Меніңше олар бір сценариймен шектеліп, арнайы оқу-жаттығу жасамайды. Болжам деген – ғылыми негізде болуы мүмкін табиғи жағдай. Ешкім 100% болжам бере алмайды. Оны нақты айтатын технология еш жерде жоқ. Бір айға беретін болжамның дәлдігі 50-60%, - деді одақ басшысы.

Мереке Абдрахметов мемлекет тарапынан ғылыми зерттеулерге дұрыс көңіл бөлінбей отырғанын жоққа шығармады.

- 2000 жылға дейін Қазақ гидрометереологиялық ғылыми зерттеу институты болды. Онда 200-ге жуық зерттеуші ғалым жұмыс істеген. Сол институтты жауып, «Жасыл Даму» АҚ айналдырып жіберді. Квота, утильалыммен айналысатын компанияға берді. Дұрысы бұл компания біздің институттың базасында құрылған. Содан бері ғылыми жұмыстар тоқтады. Бұл институт Ораз Жандосовтың айтуымен 1930 жылы ашылған болатын. Мысалы, Ресейдің «Росгидрометінде» осындай 12 институт жұмыс істеп тұр. Сол сияқты Өзбекстанда институт бар. Салада жұмыс істейтін мамандардың жалақысы төмен, мәселен инженер метереологтар 150-180 мың, метеостансадағы бақылаушылар 120-150 мың теңге көлемінде алады. Оның өзінде 2022 жылы метеостансада жұмыс істейтін мамандар президенттің атына хат жолдаған соң көтерілгені. Үкімет салаға мүлдем көңіл бөлмейді деп айтуға болмайды, бірақ қалдық принципі бойынша қаржыландырылады. Саланы осындай ауқымдағы төтенше жағдай болғанда еске алады. Қалған уақытта елемейді», - деді Мереке Абдрахметов.

«СУ ТАСҚЫНЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ТҮРІ БАР»

Халықаралық сарапшылардың дерегінше, әлем бойынша табиғи апат саны көбейген, оның 93 пайызын сел және апатты су тасқыны құрайды екен.

- Қазгидромет деректері бойынша климатың жылынуына және өзгеруіне байланысты біздің елімізде де қауіпті гидрометеорологялық табиғи апаттар мен төтенше жағдайлар саны артқан. Биыл көктемде болған су тасқыны 50-100 жылда қайталанатыны. Бәріміз көріп отырғандай, 10 облыста төтенше жағдай жаряланды. Әсіресе СҚО, Атырау облыстарында тасқын су ауқымы өте жоғары, қалған өңірлерде су тасқыны қауіпі әлі де сейіле қойған жоқ. Көктемгі су тасқыны еліміздің жазық өзендерінде жыл сайын қайталанатын гидрологиялық ерекше құбылыс. Кеңес одағы кезінде гидролог ғалымдармен және  қазақстандық ғалымдармен жан-жақты зерттелген және гидрологиялық ерекшелігіне орай "су тасқынының қазақстандық түрі" деген атау енгізілген. Көктемде өзендердің арнасы бір уақытта ерекше толады да, сосын жыл бойы құрғап кетеді, - дейді сарапшы.

Айта кетейік, 1990 жылға дейін Қазақстанда жылдық орташа температура 5,8 градус болса, 2021-2022 жылдары 6,7 градусты көрсеткен. Бұл кезеңде жауын-шашынның 14 мм азайған. Сарапшы соңғы 30 жылдағы өзгеріс осы үрдіспен кете берсе, жаңбыр 14 мм азаяды деген болжамды айтты.

«ТРАНСШЕКАРАЛЫҚ ӨЗЕНДЕРДІ БАҚЫЛАУДА ҚИЫНДЫҚ БАР»

Еске салайық, таяуда Ресей президентінің Орал федералды округіндегі өкілетті өкілі Владимир Якушев Қорған және Түмен облыстарындағы су тасқынына Қазақстанның су қоймаларындағы жағдай әсер еткенін айтты. Мереке Абдрахметов ресейлік маманның мәлімдемесін жоққа шығарып, Қорған және Түмендегі жағдайға Қазақстанның еш әсері жоғын айтты. Сондай-ақ табиғи метереологиялық жағдайдан туындайтынын атап өтті. Оған қоса, еліміздегі трансшекаралық өзендерді бақылауда қиындық барын жасырмады.

- Гидрологтардың айтуынша Қытай билігі Іле мен Ертіс бойынша ақпараттарды жасырады. Тәжік пен мен Қырғыз тарапынан да ақпарат салыстырмалы түрде беріледі. Бірақ оларда су өздеріне жетпей жатыр. Ресейде су көп, ілемде су қоры бойынша алда. Сондықтан олардың су бермей қоюы саясатқа келіңкірейді. Қазір бізде Ресейге әсерін тигізіп отырғаны – Есіл өзені. Ол ағып барып Түмен мен Омбы облыстарындағы су деңгейін көтереді. Тобыл өзенінің ағысы қызық, Ресейдің Орал тауларынан басталып – Қостанай облысына кіріп, қайтадан Ресейге шығады. Есіл "босқа" ағып жатыр, Ресейдің солтүстік өзендеріне қосылып, Солтүстік мұзды мұхитқа кетіп жатыр. Бізде су қалмайды. Есілдің суын өзімізде жинау үшін тоған, су қоймаларын ашу керек, - деді сарапшы.

«ТАБИҒИ АПАТТАРДЫ БОЛЖАУ ОРТАЛЫҒЫН АШУ КЕРЕК»

Мереке Абдрахметов ТЖМ мен Экология министрлігіне бірнеше ұсыныс айтқан. Метеоролог-синоптик маман елімізге табиғи апаттарды зерттейтін арнайы орталық керек деп есептейді.

- Қазақстанға «Табиғи апаттар орталығы» қажет. Мемлекет басшысының көктемгі су тасқыны бойынша ақпаратық-болжаулар құрылымын жасау туралы тапасырмасы дұрыс шешім және ондағы мамандар негізінен метеоролог, гидролог болуы керек. Халықаралық тәжірбиеге қарасақ, АҚШ-та торнадо орталығы, Тайфун орталығы, Жапония, Қытай т.б. елдерде цунами орталықтары, Азия, Африка елдерінде құрғақшылықпен күресу орталықтары, Еуропада климаттың өзгеруімен күресу орталықтары бар. Сондықтан бізде мұндай апат қайталанбауы үшін Табиғи апаттарды зерттеу және болжау орталығын ашу керек. Ол «Қазгидромет» мекемесінен бөлек, ведомствоаралық орталық болуға тиіс, - деді сарапшы.

Соңғы жылдары табиғи апаттардың экстремалдығы артқан: өрт, құрғақшылық, су тасқыны және т.б. Дегенмен, сарапшы Үкіметтің климат өзгеруіне бейімделе алмай келе жатқанын айтты.

- Қазақстан көптеген халықаралық конвенцияға қол қойған, солардың бәрінде "жаһандық жылынудың салдарынан табиғи апаттар көбейетіні" айтылған. Біз бұл жұмысты әлі қолға алған жоқпыз. Климаттың өзгеруіне бейімделуіміз керек. Мәселен, Ресей климат өзгерісіне бейімделудің ұлттық бағдарламасын қабылдаған. Іргеміздегі қырғыздар ұлттық жоба жасады. Бізде әлі жоқ. Табиғи апаттардың көбеюі, қайталануы, климаттың өзгеруіне байланысты Үкімет климаттың өзгеруіне бейімделіп, салдарымен күресетін ұлттық бағдарлама дайындауы қажет. Президент бекітіп, орындалатын бағдарлама керек. Париж конвенциясы бойынша ратификацияда әр мемлекеттің бағдарлама қабылдауы керек екені туралы айтылған. Бағдарламаны көп ел қабылдады. Ол болмай біз климаттың өзгеруіне қарсы тұра алмаймыз, - деді Мереке Абдрахметов.

Сарапшы Қазақстан аумағындағы аса қауіпті гидрометеорологиялық, климатық, геологиялық, геофизикалық апатардың тізімін жаңартуды ұсынды. Себебі, тізім өткен ғасырдың 70 жылдарында қабылданған.

- Сондай-ақ ауа райына қарай шұғыл дабылды ескертулер халықтың бәріне түсінікті және қолжетімді болуы керек. Синоптиктердің халықты апат жайында ақпараттандыруға қатысты бірнеше сұрақ бар. Синоптиктер көбіне дауылды ескерту беруге жақын тұрады. Оларда жоспар бар, алда-жалда ескертпесе немесе ескерту қате болса тәртіптік шара қолдануы мүмкін. Төтенше жағдайларға қызыл, сары түсті қауіпті көрсететін деңгейлер тағылуы қажет.

Сарапшылар «Қазгидромет» бойынша бірнеше ұсыныс әзірлеген. Атап айтқанда, синоптиктер орталығында қауіпті және аса қауіпті гидрометеорогиялық құбылыстарды зертейтін және болжайтын басқарма ашу қажет. Себебі қазір синоптиктердің негізгі бағыты жалпылама ауа райы болжамын қамтиды. Әрі климатың өзгеруіне байланысты қолданып жүрген қауіпті және апатты гидрометеорологиялық құбылыстар тізімін қайта қарап, өзгерістер енгізуді ұсынып отыр. Сондай-ақ бақылау желісі мамандарын тез арада және тұрақты түрде қайтадан дайындықтан өткізіп, кәсіби біліктігін артыруға оқу-жатығулар қажет, - деді Мереке Абдрахметов.

Еске сала кетейік, Қазақстанның «Гидрометеорологтар мен климатологтар одағы» бірлестігі 2023 жылы бір топ отандық гидрометеоролг ғалымдар мен мамандардың бастамасымен құрылып, сол жылдың желтоқсан айында мемлекеттік тіркеуден өткен. Қоғамдық бірлестіктің мақсаты - гидрометеорология саласының дамуына қолдау көрсету, өзекті мәселерін үкімет алдында көтеру, ауа райы, су ресурстары, климат жөнінде ғылми зерттеулерді арттыруға ықпал ету. Аталған одақтың Қазақстанның өткен климатын, қазіргі климатын және өзгеруіне ғылми зерттеулер, бағалау жүргізу туралы жоспары бар. Сондай-ақ климаттың өзгеруіне бейімделу, табиғи апаттарды болжау, талдау туралы қызметтер көрсетумен айналысады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама