×

«Дайындығы төмендеу болды»: Кабирханның иесі Дубайдағы соңғы бәйгеге қатысты пікір білдірді (ВИДЕО)

Құдай қаласа, жанкүйерлерді қуантамыз, - деді Тілек Мұханбетқалиев

 Еркеғали Болатұлы 09.04.2024 | 14:55
фото: instagram.com/racingdubai

Ұлттық спорт қауымдастығының Instagram-дағы парақшасында шабысымен талай жүйрікті шаң қаптырған қазақстандық Кабирхан тұлпардың иесі Тілек Мұханбетқалиев соңғы бәйгеге қатысты пікірін бөлісті.

Еске сала кетсек, биыл 12 қаңтарда Дубайдағы Мейдан ипподромында өткен Al Maktoum Challenge беделді бәйгесінің бірінші кезеңінде Кабирхан жеңіске жеткен еді. Қазақстанның ат спорты тарихында бірінші рет болған бұл жеңістің ұшқыр бәйгеде әлемдегі үздік мемлекеттермен текетіресетіндей деңгейге жеткенімізді айғақтаған болатын.

Бөркімізді аспанға атып, қайта қағып алғанымызша, сол турнирдің екінші кезеңінде Кабирхан Қазақстан, Ресей, АҚШ және Еуропадағы күллі жанкүйерінің көз алдында мәре сызығын тағы да бірінші болып кесті.

Осылайша, бабы мен бағы қатар шауып тұрған тұлпарымыз биыл 30 наурызда әлемнің үздік жокейлері мен ең жүйрік сәйгүліктері бақ сынайтын Dubai World Cup бәйгесінде мәреге бірінші емес, негізгі топтың бірі болып жетті. Барлығы 12 сәйгүлік қатысқан ол жарыста 7-нөмірмен сынға түскен Laurel Rival сәйгүлігі алдына қара салмады. Ал Кабирхан ирландиялық жокей Патрик Доббспен бірге 6-нөмірде жарыс жолына шығып, мәре сызығын сегізінші болып кесті.

Аттың дайындығы төмендеу болды. Шыққанда қатты терлеп кетті. Мәреге дейін демі жетпей қалды. Ат аман, денсаулығы жақсы. Шабыстан өте қатты зорығып кеткен жоқ. Кроссинг жасады. Қазір Кабирхан демалады. Қатарынан 11 ай жарыста болды ғой. Оған келесі жылы Бауыржан Мырзабаевты отырғызуды қарастырамыз. Жеңіс алда. Қазір Кабирхан – 4 жаста. Әлі 5, 6 жасы бар. Құдай қаласа, жанкүйерлерді қуантамыз, - деп ағынан жарылды тұлпардың иесі Тілек Мұханбетқалиев.

Айта кетсек, ол тілге тиек еткен Бауыржан Мырзабаев – қазақтан шыққан тұңғыш халықаралық дәрежедегі жокей. Бұл жолы ол Dura Erede атты жапон сәйгүлігімен бақ сынаған болатын. Шабандоздың өзі де ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының YouTube арнасына берген сұхбатында Дубайда беделді бәйгеде жеңіске жеткен Кабирханды тақымдап, бәйгеде шабуға ниетті екенін жеткізген-ді.

Кабирханның жеңісі – бөлек, менікі – бөлек. Ал екеуміздікін қосқанда, өте жоғары саналады ғой. Өйткені қазақтың аты, қазақтың баласы... - деген еді сонда Бауыржан Мырзабаев.

Міне, Қазақстанның ат спорты тарихында бірінші рет ұшқыр бәйгеде топ жарған тұлпар мен қазақтан шыққан тұңғыш халықаралық дәрежедегі жокейдің бітеқайнасуының реті енді келіп тұр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама