×

Елімізде сепаратистер бас көтере бастады

Олар солтүстік облыстарды Ресейге қосуды мақсат етіп отыр

 Дастан Жұмабекұлы 01.06.2022 | 15:16
фото: vk.com

Соңғы күндері Telegram және Vkontaktе әлеуметтік желісінде «Целинный край России» деген сепаратистік пиғылдағы аккаунттар қайта бас көтере бастады. Олар ел-елге, жер-жерге «Целинный край вернется в свою Отчизну» деген жалаң ұран тастап, әпербақан мәлімдеме жасап, ұлтаралық араздықты қоздырып, елдің ішіне іріткі салып келеді.

Сепаратистік қозғалыстың әлеуметтік желідегі парақшалары былтырдан бері арандатушылықпен айналысуда. Яғни, олар Telegram және Vkontaktе желілерінде Қазақстанның тәуелсіздігі мен оның аумақтық тұтастығына қауіп төндіретін, қазақтың тарихы, мәдениеті мен өнерін кекететін, елімізді барлық этнос өкілдері алдында жеккөрінішті болып көрсеткісі келетін материалдар жариялаумен және жинаумен айналысып келеді.

Қозғалыстың парақшаларында Қазақстанның ежелден бері келе жатқан тарихи жерлері де бұрмаланып жазылып жатыр. Мысалы, солтүстіктегі бес облысымызды жалпылай Тың өлкесі (Целинный край) деп атаса, Павлодар облысын – «Павлодарская Республика», Ақмола облысын – «Акмолинская Республика», Шығыс Қазақстан облысын – «Алтайская Республика» деп оларға өмірде жоқ құрылымдардың аттарын қойған.

Vkontaktе әлеуметтік желісінде сепаратистер 11 мақала жариялаған. Оның ішінде «Қазақстандағы ұйғыр проблемасы», «Солтүстік Қазақстанда жоғалған шіркеулер», «Ермактан Путинге дейін», «Сыйға берілген жерлер туралы», «Түркия оңай жолмен қалай Орталық Азияны жаулап алып жатыр?», «Азаматтық соғыс кезіндегі қазақ мемлекеттілігі. Алаш автономиясы», «КСРО кезінде Қазақстанда «ашаршылық» болды ма? Ол үшін Ресей кешірім сұрауы тиіс пе?», «Тарихты бұрмалау қазақ ұлтшылдығының негізі», «Неге Қазақстан астананың атын өзгертті?», «Тоқаевтың өтірігі», «1991 жылғы Оралдағы оқиғалар» деген материалдар берілген.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің назарына осы сепаратистік қозғалыстың Vkontaktе әлеуметтік желісіндегі парақшасын ұсынамыз:  vk.com/club199447766

Серіктес жаңалықтары

Сараптама