×

Әкімнің орынбасары халық шулап кетсе, атамын деді – Жүрсін Ерман

Дариға Назарбаева «мынаған тиіспесең болды» деп саусағын жоғары шошайтқан

 Еркеғали Болатұлы 08.03.2024 | 16:55
фото: видеодан скриншот

Ақын Жүрсін Ерман айтыскер Жандарбек Бұлғақовтың «Айтыс STRICE» Youtube арнасына сұхбат берді.

Осы орайда ол қылышынан қан тамып тұрған КСРО кезінде айтыс ұйымдастырып, Республика сарайына халықты жинағаны туралы айтты.

«Менің «айтыс үшін шайтанмен де тіл табыстым» деген сөзімді көп келтіреді ғой. Сол тіл табысудың реті келеді әйтеуір. Бұл айтысты қайта-қайта жауып тастап жатты ғой. Өзің де куәсің.

Сол 2011 жыл ма екен, айтысты Түркияға апарамыз деп министр Мұхтар Құл-Мұхаммедтің алдына бардық. Ол «айтысты тоқтатыңдар» деген Назарбаевтың нұсқауын көрсетті. «Қалай барасыңдар Түркияға?» деп. Одан да өттік. Қамқорлық жасағандар да аз болған жоқ. Баяғыдағы жекпе-жек айтысты ашу үшін Дариға Назарбаеваның алдына бардым. «Хабар» агенттігінің төрайымы еді. «Сөз жоқ, аша бер, бірақ мынаған тиіспесең болды» деп саусағын жоғары шошайтты. Әкесін айтқаны ғой. Қайдан тиіспеген? Ринаттар «Үш жүздің тағдырынан гөрі бізге, үш қыздың болашағы қиын боп тұр» деп айтып жіберді. Ешқандай жазалау, ескерту болмады. Қаншама уақыт эфирде көрсетілді, - деді Жүрсін Ерман.

Айтуынша, айтыстан саяси астар іздеп, тосқауыл жасағандар да аз болмаған.

«Жығылып, сүрініп, әйтеуір бүгінгі кең заманға жеттік қой. Алматы қаласы әкімінің орынбасары болды, Сейдуманов деген. Ертең айтыс болайын деп жатқанда бергізбей, тоқтат деді. «Оны кім шығарды?» десем, «министр Құл-Мұхаммедке айт» деді. Астанаға ұшып бардым. Құл-Мұхаммед бір жиналыста отыр екен. Алып шығып сөйлестім. «Аша берсін, рұқсат» деді.

Қайтып келсем, Сейдуманов көнбейді. «Жоқ, бірдеңені бүлдіресіңдер!» деп. Мен айттым, халық шулап кетеді деп. «Шулап кетсе, атамын» деді, - дейді Жүрсін Ерман.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама