×

Елена Рыбакина қытайша құттықтау айтты (ВИДЕО)

Барша теннис жанкүйеріне зор денсаулық, қажымас қайрат және өмірде сәттілік тілеймін, - деді ол

 Дастан Жұмабекұлы 14.02.2024 | 17:43
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Қазақстанның бірінші, әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина барша теннис жанкүйерін қытай тілінде Шығыс күнтізбесі бойынша Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

Биылғы Жаңа жыл мерекесі Қытай Халық Республикасында 10 ақпанда келіп, 24 ақпанға дейін жалғасады.

Менің аты-жөнім – Елена Рыбакина. Барша теннис жанкүйерін келіп жеткен Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат және өмірде сәттілік тілеймін! – деді ол.

Кеше Елена Рыбакина Катардың Доха қаласындағы WTA 1000 турнирінде дүниежүзілік рейтингте 57-орында тұрған қытайлық теннисші Чжу Линьмен ойнап, үшінші айналымына шыққан еді. Бұл ретте ол қарсыласын 6:2, 6;1 есебімен жеңді.

Осыған дейін қарсыластар өзара екі рет кездесіп, бір-бірін кезек-кезек жеңген болатын.

2019 жылы Аустралия ашық чемпионатында қытайлық спортшы 6:2, 6:4 есебімен басым түссе, сол жылы қыркүйекте Рыбакина Уханьда қарсыласына қарымта қайтарды. Сол кезде матч 7:5, 2:6, 6:0 есебімен аяқталды.

Енді Елена Рыбакина жүлде қоры 3,2 млн АҚШ долларынан асатын жарыстың ширек финалына шығу үшін әлемнің 23-ракеткасы, америкалық Эмма Наварромен кездеседі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама