×

«Смайылов үкіметіне батылдық жетіспеді»: Депутаттар отставкаға кеткен үкімет жайлы

Мемлекет басшысы бүгін жаңа премьер-министрдің кандидатурасын ұсынады

 Дәурен Ерболат 06.02.2024 | 10:17
Нартай Сәрсенғалиев, Нұрлан Әуесбаев

Әлихан Смайылов премьер-министр лауазымынан босатылып, Мемлекет басшысының жарлығымен үкімет отставкаға кетті.

Мемлекет басшысының шешімімен ҚР премьер-министрі міндетін уақытша атқару Роман Васильевич Склярға жүктелді. Сондай-ақ Үкімет мүшелері Үкіметтің жаңа құрамы бекітілгенге дейін өз міндеттерін атқаруды жалғастыра береді.

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев отставкаға кеткен Әлихан Смайыловтың үкіметіне батылдық жетпегенін айтты.

- Әлихан Смайылов басқарған Үкіметке негізінен батылдық жетіспеді деп айтуға болады. Қаңтар қасіретінен кейін мемлекетте болған жағдайға қатысты шұғыл, батыл шешімдер қажет еді. Өйткені, білесіздер, мемлекет басшысының өзі де дәл осы мәселені айтқан еді. «Кез келген мемлекеттік қызметкер нақты шешім қабылдауға және сол шешім үшін жауапкершілікті алуға үйренуі керек» деген еді. Өкінішке қарай мен Үкіметтен бұны көрмедім.

Үкіметке қаншама депутаттық сауал жолдадық, соның барлығына «отписка» деп жатамыз ғой, дәл сондай жауаптар алып келдік. Өйткені, біз депутаттық сауалда барлық фактіні келтіріп, барлық заңсыздықты келтіріп және оның шешу жолдарын көрсетіп, ұсыныстар береміз. Өкінішке қарай, әр депутаттық сауалымызға келген жауаптан кейін қайтадан дөңгелек үстел өткізуіміз керек. Қайтадан жиындар өткізу керек. Вице-министрлерді, министрлерді шақырып, қайтадан бір ресми шешіммен шешілуге болатын мәселені 4, 5, 6 жиынға дейін жасап барып, кей жағдайда реттеуге тура келетін жағдайлар болды.

Екінші жағынан, Үкіметтің қорытынды беру деген өзінің қызметтік мансабы бар ғой, бізде заң жобаларына ұсынған өзгерістеріміз бойынша, сол бағытта да жұмыстар шикі жүрді деп айтсақ болады. Қарап отырсақ, мынау лудомания бойынша берілген мәселеде де, лудоманияның АРВ-сын 15 ай бойы ала алмай жүрдік. Түсінесіз бе? Ай сайын, апта сайын қаншама бала қаза тауып жатыр, қаншама отбасының осы ойынқұмарлықтан шаңырағы ортасын түсіп жатыр, қаншама адам өзіне суицид жасап жатыр дейміз. 50-ден астам норма жазып шығамыз. Бірақ 15 ай бойы АРВ ала алмай жүрдік.

Мәжіліс депутаты Нұрлан Әуесбаев ҚР премьер-министрі лауазымына Әлихан Смайыловтың кандидатурасын ұсынған кезде-ақ қарсы болғанын айтты.

- Біз ол кісіні тағайындау кезінде ашық қарсылығымызды білдіргенбіз. Өйткені ол...Тағайындалғанға дейін өзінің жұмыс істеу қабілетін қандай жағдайда екенін көрсетті. Сондықтан, әрине, ол үлкен өзгерістер алып келе алады деп ойламадық.

Қазір елдегі жағдайды өзіңіз көріп тұрсыз, азық-түлік, басқасында қымбатшылығы шарықтап тұр. Ол шегіне жетпейді. Инфляция тежеліп жатқан жоқ. Ақпараттың жартысы өтірік.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама