×

Тіл мамандары латын әліпбиіне қатысты әлі бір тоқтамға келе алмай жатыр

Қазақстандық ғалымдар түркітілдес халықтарға ортақ әліпби құруға да қазақ тіліндегі 2 әріпті ұсынып отыр

 Еркеғали Болатұлы 01.02.2024 | 12:12
фото: qaz-media.kz

Елімізде латын әліпбиінің қашан қолданысқа енгізілетіні әзірге белгісіз. Өйткені жаңа әліпбиді әлі де жетілдіру керек. Оған көп уақыт кетеді дейді жауапты ведомство өкілдері. Бұл туралы 31 арна хабарлады.

Тіл саясаты комитеті өкілдерінің айтуынша, латын қарпін зерттеумен қазір Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты және «Тіл қазына» ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығының мамандары айналысып жатыр. Әсіресе «и», «й», «ы», «і» әріптерінің таңбалануына байланысты өзге тілдердің тәжірибесі ескерілген.

Айта кетсек, латын әліпбиі былтыр мамандардың сынағынан өткен болатын. Десе де қолданысқа енгізуге әлі де ерте дейді комитет өкілдері. Бұдан бөлек, ғалымдар түбі бір түрік әлеміне ортақ әліпби жасау үшін де жұмыс істеп жатыр.

Мысалы, былтыр Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған түркітілдес халықтарға ортақ әліпби құру бастамасын көтерген еді. Ал осы ортақ әліпбиге ел ғалымдары қазақ тілінен екі әріпті қосуды ұсынған.

Халықаралық Түрік академиясының ұйымдастыруымен өткен комиссия отырысында және халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда түркі әлеміне ортақ әліпбиге байланысты мәселе көтерілді. Онда Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан және Қырғызстан елдеріндегі тіл білімі ғылыми-зерттеу институты мамандары қатысты. Қазақстандық ғалымдар ортақ әліпбиге қазақ тіліндегі «ұ» және «і» әріптерін енгізуді ұсынып отыр, – делінген Тіл саясаты комитетінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.

Бұған дейін де Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов қазір латын графикасы бойынша жоба дайын, бірақ әліпбиге нақты қай жылы көшетінімізді айту қиын екенін алға тартқан болатын.

Қоғамда «латын әліпбиін әзірлеушілер үнсіз қалды, қабылданбайтын болды ма?» деген әңгімелер бар, оны әлеуметтік желіден оқып жүрміз. Анығында олай емес, дау-дамайсыз, осындай әдістемелік-зерттеу жүріп жатыр. «Ы» мен екі «и»-дің таңбалануы бойынша ғалымдар арасында пікір қайшылығы әлі бар. Әрине, Ахмет Байтұрсынов белгілеген 28 таңбамен шығуға болар еді, бірақ тіл де жаһанданусыз тұра алмайды. Тілімізге сырттан енген «в», «ф», «һ» дыбыстарын қалдыру керек пе, қалдырмасақ, «футбол» сөзін қалай атап, қалай жазамыз деген мәселе бар.

Әріпті қалдыру сырт көзге оңай көрінгенмен, бәрі емле ережесіне сай келуі керек. Сондықтан ғылыми-сараптау жұмысын күшейтіп жатырмыз», – деді ғалым.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама