×

«Еліміздегі әр алтыншы бала – зорлық-зомбылықтың куәгері»: мамандар пікір алмасты

1 миллион бала ата-анасы сияқты қорқыныш пен үрейді бастан кешіреді

 Еркеғали Болатұлы 25.01.2024 | 15:59
фото: Halyq Uni

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы жылдан-жылға өзекті болып келеді. Статистикаға сүйенсек, зорлық-зомбылықтың бір түрі әрбір үшінші отбасында кездеседі.

Дағдарыс орталықтары одағының басшысы Зульфия Байсақованың айтуынша, Қазақстан 1998 жылы Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенцияны ратификациялап, сол арқылы отбасының барлық мүшелері үшін қолайлы өмір сүру жағдайларын жасау жөніндегі міндеттемелерді мойнына алғанмен және елімізде «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданғанмен, бұл мәселе толығымен шешілмей жатыр. Себебі заң және профилактикалық жұмыстар әлі де өз деңгейінде емес.

Қазақстандағы әрбір үшінші отбасы дерлік зорлық-зомбылықтың бір түріне ұшырайды – физикалық, психологиялық, экономикалық, жыныстық. Біз зерттеу жүргізіп, елдегі әрбір алтыншы бала зорлық-зомбылыққа куә болатынын анықтадық. Яғни, зорлық-зомбылыққа куә болған 1 миллион бала ата-анасы сияқты қорқыныш пен үрейді бастан кешіреді. Өкінішке орай, бүгінде бізде оларды оңалту бағдарламалары жасалмаған, - деді Зульфия Байсақова.

Оның айтуынша, елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған барлығы 36 дағдарыс орталығы бар, бірақ бұл жеткіліксіз. Әсіресе ауылдар мен шағын аудандарда тапшылық бар.

Біздің ойымызша, агрессорлармен жұмыс істеу бағдарламаларын әзірлеу өте маңызды. Өйткені дағдарыс орталықтары тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсетеді. Бірақ әйел қайтып келгенде, сол агрессорды көреді, ұстанымдары мен көзқарастары бірдей, - деді Зульфия Байсақова.

Айта кетсек, Алматыдағы «Жан-Сая» дағдарыс орталығында 2023 жылы 1 980 адам қолдау тапса, 2022 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 1 708 адамға көмек көрсетілген.

Жоғарыда аталған цифрлар мен орталық жұмысын талдау, сондай-ақ «150» сенім телефонына түскен қоңыраулар негізінде біз бірнеше қажеттілікті анықтадық. Соның бірі – отбасы мүшелері мен жақындарына жасалған тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстық жауапкершілікке тарту. Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін орындау және БҰҰ мүшесі ретінде. Бұл еліміздің Қылмыстық кодексіне «Тұрмыстық зорлық-зомбылық» деген жеке бап енгізуді білдіреді. Ол мемлекеттік айыптау баптарының ішінде болуы керек, – деді «Жан-Сая» дағдарыс орталығының заңгері Гүлшара Сапарова.

Ол 2017 жылға дейін Қылмыстық кодекстің «Ұрып-соғу» немесе «Денсаулыққа жеңіл зиян келтіру» сияқты баптары жеке айыптау қылмыстары болғанын, егер жәбірленуші арыз бермесе, іс қозғалмайтынын атап өтті. Ал тараптар татуласса немесе залал жойылса, іс тоқтайды.

Ашық айып тағылған жағдайда қылмыстық қудалауды мемлекет атынан тергеуші немесе прокурор қозғайды. Бұл үшін жәбірленуші тараптың келісімі мен бастамасы талап етілмейді және татуласу күтілмейді.

Қайғылы статистика мен мәселенің өзектілігін ескере отырып, дағдарыс орталығы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған жағдайда не істеу керектігін айтты:

  • «102», «112» немесе «150» сенім телефондарына қоңырау шалыңыз;
  • полицияға не болғанын егжей-тегжейлі жасырмай айтыңыз;
  • егер баратын жеріңіз болмаса, дағдарыс орталығына хабарласыңыз.

«Болған оқиғаға қатысты ешқандай шара қолданылмай ма деп қорқудың қажеті жоқ. Өйткені барлық фактілер ішкі істер органдарында тіркеліп, қадағалау органдары бақылауда. Бірігіп, зорлық-зомбылықсыз қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырайық», - деп түйіндеді сөзін Гүлшара Сапарова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама