×

Мәжіліс депутаты электондық темекіге акциз мөлшерін көбейтуді қолдап отыр

Депутат электондық темекінің кәдімгі шылымнан зияны кем емес екеніне сенімді

 Айнұр Шошаева 25.05.2022 | 18:50
фото: fi.pinterest.com

Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов электондық темекіге салынатын акциз мөлшерін мейлінше көбейту керек деп есептейді. Бұл туралы ол Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап бергенде айтты.

«Темекі акцизін көтеру керек. Соның ішінде қыздырылатын темекі акцизін көтеруді қолдаймын. Бүгінде темекіден де көп зиян келіп жатыр. Гаджет тартқанша, темекі шексін. Қазір ұлы бар, қызы бар сән ретінде электронды темекі тартады. Гаджеттің ішіндегі темекінің кәдімгі темекіден айырмашылығы жоқ, зияны да аз емес. Қаншама ауруға әсер ететінін әріптестерім айтып кетті. Жастарымызды кішкентайынан ауру қыламыз. Оған қанша салық салсаң да аз емес. Үкімет белгілеп отырған акциз мөлшері - аз. Бірнеше рет көтереміз. Мен жұмыс тобының жетекшісі ретінде айтамын, дұрыстап қараймыз. Акцизді міндетті түрде көтереміз», - деді депутат.

Еске сала кетейік, бүгін Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстанда электрондық темекіге акциздерді кезең-кезеңімен ұлғайту көзделіп отырғанын айтқан болатын. Сондай-ақ 2024 жылы темекіге акциз кемінде 28 еуро деңгейінде белгілену керегін атап өтті.

Депутат Аманжан Жамалов Ресейден кетіп жатқан темекі компанияларының Қазақстанға келуіне қатысты пікір білдірді.

«Бізге олардың келіп жатқанын инвестиция ретінде көрсетіледі. «Экономикаға инвестиция келіп жатыр» дейді. Одан да дұрыс темекі шығаратын компаниялар келсін. Ол компаниялардың баратын жері жоқ, сондықтан келіп жатыр. Жақсы өмірден, бізді байытайын деп келіп жатқан жоқ. Сондықтан бізге инвестиция жасап жатыр дегенге алаңдамау керек», - деді депутат.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама