×

«Шавкат аяғымды аямады»: Томпсон Рахмоновпен жекпе-жек туралы айтты

Қарсыласыңыздың шынтағын теппеңіз. Бұл – үлкен қателік, - деді ол

 Дастан Жұмабекұлы 25.12.2023 | 16:31
Фото: championat.com

Жақында АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен UFC 296 турнирінде Шавкат Рахмоновтан (18-0) жеңілген америкалық Стивен Томпсон (17-7-1) жекпе-жектің қалай болғанын айтты.

Бұл жекпе-жекте Рахмонов қарсыласын қылқындыру әдісімен уақытынан бұрын жеңген болатын. Томпсонның айтуынша, жекпе-жек өте тартысты болған. Алайда ол айқастың екінші раундта бітетінін ойламаған.

Шынымды айтайын, екінші раундта Рахмонов жеңіп кетеді деп ойлаған жоқпын. Не дегенмен ол жеңді. Бәрі жақсы. Уайымдамаңыздар. Біз алға қарай жүре береміз. Мен жекпе-жектен кейін үйге жарақатсыз оралдым. Тек Шавкатқа жасаған соққым оның денесіне емес, шынтағына тиіп, аяғымды сындырған сияқтымын. Қарсыласыңыздың шынтағынан теппеңіз. Бұл – үлкен қателік. Жалпы, Шавкат менің аяғымды аяған жоқ. Иә, мен аяғымды сындырдым. Бірақ қайтадан дайындалу үшін залға ораламын, – деді ол өзінің YouTube арнасында.

Сондай-ақ ол барлық жанкүйерге қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.

Әрине, бәрі мен қалағандай болмады. Шавкаттан жеңілдім. Бұл – менің қателігім. Дегенмен адам мақсат-мұратына жету үшін жоспар құрып, алға жүре беру керек. Мен өз жоспарыма берікпін, – деді Томпсон.

Бұл жекпе-жек 17 желтоқсанда болған еді. Онда Шавкат Рахмонов ММА-да 18-ші кәсіпқой жекпе-жегін өткізіп, ал UFC-де алтыншы рет октагонға шығып, жеңіске жетті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама