×

Чарло абсолютті чемпион атану үшін Әлімханұлын жекпе-жекке шақырды

Жеңіске жету үшін бәрін жасаған боксшыларды құрметтеймін, - деді ол

 Еркеғали Болатұлы 27.11.2023 | 17:19
фото: AFP 2023/Emilee Chinn

Орта салмақта WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы Джермалл Чарло соңғы жекпе-жегінен кейін қазақстандық Жәнібек Әлімханұлымен жұдырықтасатынын мәлімдеді.

Ол қазақстандық WBO және IBF белбеулерінің иегерімен өзінің орта салмақ дәрежесіндегі абсолютті чемпион атануы үшін жұдырықтасуы керек екенін алға тартып отыр.

Суперорта салмақта үлкен жекпе-жектер өткізе алмасам, қуана-қуана орта салмаққа қайта ауысамын. Мен Жәнібекпен де, міндетті қарсыласым Карлос Адемеспен де жекпе-жек өткіземін. Жеңіске жету үшін бәрін жасаған боксшыларды құрметтеймін. Ал мен ешкімнен қашпаймын. Орта салмақ болса да, екінші орта салмақ болса да чемпиондық атақ сарапқа салынады. Бәрі жақсы болса, шаршы алаңда осы жігіттермен қолғап түйістіргенімді көресіздер. Осында болғаныма, жекпе-жек өткізгеніме қуаныштымын, – деді Чарло жекпе-жектен кейінгі баспасөз мәслихатында.

Айта кетсек, 25 қарашада Лас-Вегаста Michelob ULTRA Аренада Чарло мен Хосе кездесіп, төрешілердің ортақ шешімімен Чарло жеңіске жеткен болатын. Бұл ретте Жәнібек Әлімханұлы да үш чемпиондық белбеуді біріктіру үшін Чарломен жұдырықтасуға дайын екенін айтып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама