×

Депутат жер беру құзыретін әкімдіктен алып, цифрландыруға көшіруді ұсынды

Әйтпесе кей шаруа қожалығын, жерлерді әкімдер мен оларға жақын азаматтар иеленіп отыр

 Еркеғали Болатұлы 26.11.2023 | 11:10
фото: Instagram.com/AnasBakkozhayev

Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясының мүшесі Анас Баққожаев ADAL ADAM Youtube-арнасына берген сұхбатында шенеуніктер мен олигархтардың ауқымды жер, шаруашылық иеленуіне басқару құрылымы себеп болып отырғанын алға тартты.

Оның айтуынша, жерді бөлу құзыреті бар жергілікті әкімдік заңсыз әрекеттерге барады.

Жер конкурсын өткізу жергілікті әкімдік құзырында. Мен оған қарсымын. Адам бар жерде адами фактор болады. Сондықтан кей шаруа қожалығын, жерлерді әкімдер мен оларға жақын азаматтардың иеленуі осыдан туындап отыр, - деді депутат.

Осы орайда ол мәселенің шешімі ретінде цифрландыру жұмысын енгізуді ұсынды.

Қазір цифрландыру дамыған кезең. Барлық жер конкурсын электронды түрде өткізсе, оны әрбір қалаған адам ала алады, - деді Анас Баққожаев.

Сонымен қатар депутат пайдаланылмаған ауылшаруашылығы жерлерін қайтару мәселесін де атап өтті. Өйткені жерді тиімсіз пайдаланған азаматтарды анықтау барысында тиісті инспекция салғырттық танытып отырған көрінеді.

Үкімет азаматтарға жерді 49 жылға бергеннен кейін ол мерзім бітпей, жерді қайтарып ала алмайды. Олай етсе, азаматтардың конституциялық құқығы шектеледі. Сондықтан Үкімет берілген жер қаншалықты тиімді пайдаланылды, топырақ құнарлылығы сақталды ма, сол мәселелерді инспекция арқылы тексереді.

Егер талапқа сай болмаса, дәлелдеп, сот арқылы жерді қайтару жолы бар. Алайда инспекция жұмысы салғырт жүріп жатыр», - деді депутат.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама