×

«Түлектеріміз Оксфорд, Гарвард, Кембридж университеттеріне түсіп жатыр». «Білім-инновация» қорының басшысымен сұқбат

«Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының құрылғанына 30 жыл толып отыр

 Гүлбаршын Нұрхан 16.11.2023 | 13:44
Дархан Өте, «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті

Биыл «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорына қарасты лицейлердің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Қор президенті Дархан Өте Halyq Uni тілшісіне «Білім-инновация» лицейлеріндегі жетістіктер мен жаңалықтарды, алдағы жоспары, жалпы ерекшелігі жайлы баяндап берді.

«Білім-инновация» лицейлері – 30 жылдық тәжірибесі бар, қалыптасқан, Оқу-ағарту министрлігіне қарасты білім беру саласында мақсаты және бағыты айқындалған отандық білім ошағы. Қор президентінің айтуынша, «Білім-инновация» лицейлері соңғы 30 жылда еліміздегі орта білімнің дамуына көп үлес қосқан. Қор бастамасымен инновациялық білім беру ұйымдарының желісі құрылды, олар озық білім беру технологияларын енгізу алаңына айналды.

Дархан Өтенің айтуынша, қордың білім беру философиясын логотиптегі бейнелерден анық аңғаруға болады. Онда қазақтың ұлттық ою-өрнегі мен қанаттары кітап түрінде белгіленген қарлығаш бейнеленген.

- Бағзы заманнан бері қазақтар қарлығашты қасиетті құс деп санаған. Ол ұя салған үйде «береке» бар, әулеттің ұрпағы өсіп-өнеді деседі. Демек лицейде оқитын әр оқушы тәрбие мен білімді қарлығаштың қос қанатындай қатар алып, биікке самғайды. Лицейлердің білім беру процесіндегі ерекшеліктің бірі – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін қамтитын үш тілді білім беру моделінің қалыптасқандығын атап өту керек. Себебі бұл ұстаным мемлекеттік білім беру стандартына сай, өскелең ұрпақты үш тілге үйрету жөніндегі стратегиялық бағытын жүзеге асырып отыр», - деді қор басшысы.

«Білім-инновация» лицейлерінде білім беру процесі - оқушылардың жетістігінің нәтижесін бағалау жүйесі сәтті интеграцияланған. Дархан Өтенің айтуынша, мұғалімдер белгілі бір оқушының қай пәннен артта қалғанын анықтау үшін тиісті пәндер бойынша тестілеу өткізеді. Одан бөлек түрлі әдіс-тәсілдер қолданылады.

«Лицейлерде барлық сабақта PBL (project-based learning) тәсілін қолдана отырып өткізіледі. Яғни, оқушы жобаларды орындау арқылы жаңа тақырыпты үйренеді. Осылайша, шәкірт тек жаңа тақырыпты меңгеріп қана қоймай, оның заманға сай жан-жақты тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді. «Білім-инновация» лицейлері республикалық және халықаралық пәндік олимпиадалардың нәтижелері бойынша Қазақстанның үздік 100 мектебінің қатарына кіреді. Көп түлегіміз Оксфорд, Гарвард, Кембридж сияқты әлемдегі ең танымал университеттерге түсті. Біздің мектептерге түсуге талпынған талапты жастардың қатары жыл сайын артып келеді. Мысалы, биыл ғана 30 мыңнан астам үміткер тіркелді, – деді Дархан Өте.

Дархан Өте лицейлердегі оқытушы, мұғалімдердің кәсіби деңгейі жайлы да атап өтті. Жыл сайын мұғалімдердің біліктілігін арттыру үшін «Оксфорд білім академиясының» семинарлары өткізіледі екен.

- Алғашқы лицейлердің ашылуы кезінде ағылшын тілін және кейбір пәндерді оқыту үшін шетелдік педагогтар тартылған еді. Уақыт өте келе біз педагогикалық кадрларды дамыту бойынша қарқынды жұмыс жүргіздік. Нәтижесінде жергілікті мамандардың да кәсібилігі артты. Біздің лицейлерде тәлімгерлік бағдарламасы енгізілді. Мәселен, жоғары сынып оқушылары өзінен кейінгі сыныпта оқитын балаларға көмектеседі. Кейіннен мұндай белсенділер жоғары білім алып, «Білім-инновация» лицейлерінде оқытушы болады. Кейбір мұғалімдер бізге «Болашақ» бағдарламасы арқылы келді. Жыл сайын мұғалімдердің біліктілігін арттыру мақсатында «Оксфорд білім академиясының» семинарлары өткізіледі, информатика оқытушылары үшін Cisco сертификаттау курстары және т.б. ұйымдастырылады. Осылайша, «Білім-инновация» ХҚҚ жүйесі педагог ұстаздардың ұстаханасына айналды деп айтуға болады, - дейді Қор басшысы.

Заман талабына сай оқушыны зеріктіріп алмай, үнемі ізденіс үстінде жүру үшін лицейлерде PBL бағдарламасы, «SMART» кітапхана жобасы, «Kitap» қосымшалары қолданылады.

- Бірнеше жыл қатарынан лицейлерімізде PBL (Project -based Learning) бағдарламасы кеңінен қолданылуда. Біздің ұстаздарымыз арнайы шет мемлекетке барып алпауыт PBL әдісінен дәріс беретін оқу орындарынан үйреніп, лицейлерімізде енгізді. Америкада беделді «Еdutopia» атты басылымдардың бірінде әйгілі Джон Маккартидің «Қазақстандағы PBL бағдарламасын оқыту» бойынша жақсы мақаласы шыққан. Сондай-ақ, «Білім-инновация» лицейінің ұстаздары жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде берудің жаңа әдіс-тәсілдерін үйрететін билингвалды оқулықтың жазылуына қомақты үлес қосты. Қазіргі таңда еліміздегі бірнеше мектеп осы оқулық арқылы білім алып жатыр. Әлемге TCM (teacher created materials) атымен мәшһүр болған оқыту мекемесімен бірге «non fiction» яғни ғылыми-танымдық әдебиет топтамасы бар, соны қазақ тіліне аударып, басылып шығуы үшін «SMART» кітапхана жобасын іске қостық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен құрылған «Оқуға құштар мектеп - оқуға құштар ұлт» жобасы аясында бүтіндей оқытушы, оқушының кітап оқу дағдысын қалыптастыру мақсатында ұялы телефондарға арналған арнайы «Kitap» қосымшалары құрастырылды. Баланың қызығушылығын арттыру мақсатында кітап оқудан бәйге ұйымдастырылды. Бала әр оқыған кітаптағы бетін белгілей отырып, белгілі бір нәтижеге қол жеткізді. Мәселен, бастапқыда қола, күміс, кейінен алтын, одан биік дәреже қызыл гауһарға ие болған оқушыға Қор тарапынан сыйлықтар жіберіліп отырды. Бұл кітап оқу сайысы тәрбиеші және ұстаздар арасында да өткізілді. Осылайша «артық білім кітапта екендігін» жеткізуге тырыстық, - дейді Қор басшысы.

«Білім-инновация» лицейлері біліммен қатар тәрбиені де қатар алып жүр. Осы мақсатта «мектеп, ата-ана, оқушы» атты үштік одақтың ынтымақтастығы құрылған.

- Біз білім мен бірге тәрбиені тел қозыдай қатар алып жүреміз. Осы орайда мектеп намысын өнер, білім, спорт сайысында қорғап жүрген оқушыларымыздың ата-анасын да көптеп әлеуметтік, мәдени іс-шараларға белсене қатысуы байқалады. Мәселен, ата-аналар арасында өткізілетін, спорт, зияткерлік сайыстарда әр өңірден ата-аналар лицейаралық, республикалық деңгейде ұйымдастырылған жарыстарға қатысып, қолдау білідіріп келеді. Сондай-ақ, бізде «Түлектер ассоциациясы» бар. Түлектеріміз әрдайым кез-келген іс-шараларға демеушілік танытып, алтын ұя мектептерін ұмытқан емес. Биыл осыдан 30 жыл бұрын құрылған лицейлер мерейтойын атап өтіп жатыр. Сондай мерейлі дидарласу барысында түлектер тарапынан осы үштік одақты «төрттік одақ» деп атау жөнінде ұсыныс жасаған еді. Яғни «мектеп, ата-ана, оқушы және түлек». Әрине, мәселе атаумен өлшенбейді. Бұл жерде саналы тәрбие мен сапалы білім беру жолындағы үлкеннен өнеге, кішіден кішіпейліділік қағидатына қылау түсірмейтін бірлестік қалыптастыруға болады, - деді Дархан Өте.

Қор басшысы жетістіктер мен нәтижелі еңбекке жету жолдарының үлгісін дәріптеу мақсатында қандай жұмыстар қолға алынғанын және келешек жоспарларын бөлісті.

- Келешекке деген жоспарымыз көп. Соның бірі IDP – баланың жеке даму траекториясына қарай болашақ мамандығын таңдауға, икеміне қарай бағытауға арналған жоба. Бұдан әріректе кәсіби бағыт беру жұмыстары тек 10-11 сынып оқушыларымен жүргізіліп келсе, қазір 8-сыныптан, мүмкіндік болып жатса 7-сыныптан бастап оқушының талабын анықтауға үлкен жоспар құрып отырмыз. Мәселен, оқушы ерте жастан қалаған жоғары оқу орнын таңдайды. Сол таңдаған университетке баланың қабылеті қаншалықты бейім. Осы тұрғыдан сараптама жұмысы жүргізіледі. Бұл әзірге пысықталу үстінде. Егер жүзеге асса ата-ана үшін де, бала үшін де тиімді жоба еді. Уақыт еншісіндегі ойластырылып жатқан жұмыстардың бір осы, - деді Қор президенті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама